Шымкентте екі адамнан сібір жарасы ауруы тіркелді
Ал тағы бірі жуырда ауруханадан құлан-таза айығып үйіне шыққан.
Нұрбек Байбосын, тілші
-Індетке шалдыққандар ағайынды азаматтар. Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Тельман бөлімшесінің тұрғындары. Олар Түркістан облысы Сайрам ауданы аумағындағы өздерінің жеке шаруа қожалығында ірі қара мал ұстаған. Оны бордақылап сатумен айналысқан. «Ал науқастарға Сібір жарасы қыркүйек айының басында шыққан», – дейді санитар дәрігерлер. Денелеріне жара шыға бастаған соң екі азаматта жергілікті емханаға барып көрінген. Сол жерден қалалық жұқпалы ауруханасына стационарлық бөлімге жатқызылған. Ақ халаттылардың дер кезіндегі көмегінің арқасында дерті дендемей сырқаттанғандардың бірі құлан-таза айығып үйіне шығарылыпты. Ал тағы бір науқас қазір ауруханада ем алуда. «Ал індет ошағы толығымен жойылды», – дейді санитар мамандар. Сондай-ақ сібір жарасымен ауырған екі адаммен қатынаста болған 21 азамат анықталып, олардың барлығы жергілікті жердегі медицина мамандарының бақылауында болып емделген. Қазір олардың да жағдайы жақсы. Енді осы жағдайға қатысты мамандардың сұхбатына кезек берсек.
Балкүміс Мұсаева, Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Ошақтан анықтағанымыздай 21 адам қарым-қатынаста болған. Олардың барлығы антибиотикпен емделіп, медициналық бақылауда болды. Жағдайлары жақсы. Олар жақын туыстар екен. Ешқандай шағымдары жоқ. Сібір жарасына анықталған ешқандай белгілері болған жоқ. Қазіргі таңда ошақ жабылды. Қайталанған жағдайлар тіркелген жоқ.
Сондай-ақ мамандар Шымкент пен Түркістан облысының жақын жатқан аудандары сібір жарасы бойынша қолайсыз аймақ екендігінде атап өтті. Ал өткен жылы мегаполисте бұл жұқпалы аурудың тек бір жағдайы ғана тіркелген.