ШҚО-да жол жөндеуге бюджеттен 194 млрд 700 млн теңге бөлінді
Биыл бұл өңірдегі жолдарды жөндеуге бюджеттен 194 млрд 700 млн теңге бөлінді. Қаржының 41 млрд-қа жуығы тек облыстық маңыздағы жолдарды қалпына келтіруге жұмсалмақ. Сонда қаржы бөлінеді, бірақ нәтиже болмай тұр. Жол активтері ұлттық сапа орталығының мәліметінше мердігер мекемелер жобада көрсетілген материалдардан жиі ауытқиды. Осының кесірінен жөнделген жол жылға жетпей қайта тесіледі.
Бұл – соңғы 20 жылда жөндеу көрмеген «Шемонайха – Большая Речка» жолы. 20 шақырым болатыын бұл жолға орта жөндеу тамыз айында басталды. Ол үшін облыс бдюжетінен 468 млн теңге бөлінді. Мердігер жұмыстың кеш басталуын тендердің өте жай өткізілумен байланыстырады. Кесте бойынша қазан айының соңында аяқталуы тиіс. Бүгінге дейін он шақырмға жуық жерге асфальт төселді. Басты талап – сапа.
Тек суға төзімі ғана емес, бірнеше параметр бойынша тексеріледі. Яғни әрбір жолды салғанда немесе жөндегенде бастапқы жобада барлығы көрсетіледі. Мердігер сол талапты орындауға міндетті. Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары сол бойынша тексереді.
Айдос Қабылбаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК инженері:
- Қайта тексеру жол тегістігінің нормаға сай екенін көрсетті. Жалпы биыл облыстық, республикалық жолдарға 807 рет тексеріске шықтық. 1247 сынама алынды. Оның 362-сі нормаға сай екені анықталды. Қалған метериалдар нормаға сай емес. Ол бойынша хат жазылып, тапсырыс берушілерге ескертілді.
Тапсырыс берушілер ескертілген соң мердігерге анықталған кемшілікті түзеттіруге міндетті. Ол үшін белгілі бір мерзім беріледі.
Медет Айыпов, мердігер мекеме директорының орынбасары:
- Бұл – екінші тексеру. Қосылған жерлерді, бізге айтқандарын түзеп отырмыз.
Түзеп отырмас үшін жобаны негізге алу шарт. Бірақ облыста кейбір ауылдың арасындағы жолдарда негіз де қалмаған.
Олжас Керейхан, тілші:
- Қазір облыстағы жолдардың 60-70% ғана қанағаттанарлық жағдайда. Жыл сайын 200-300 шақырым жол әртүрлі дәрежеде жөндеуден өтеді. Ал еліміздің автокөлік жолдары комитеті 2025 жылға дейін өңірдегі жолдардың 90% тақтайдай ету талабын қойып отыр. Жалпы өңірде 12 мың шақырымнан аса автокөлік жолы бар.
Дегенмен биыл аймақта 662 шақырым жол жөнделді. Басым бөлігі – ауданаралық бағыттар. Ал ауылдардың арасындағы жолдар болашақтың үлесінде.
Нұрбек Тұраров, облыстық Автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Екінші бағаналы дәреждегі жолдар қалып жатыр. Оларды келешекте кезең-кезеңмен бюджеттің қаржысына байланысты жөндеуге тырысамыз.
Жоспарда бар жолдарда жұмыс бастау қаражатқа байланысты болмақ. Ал мердігерлер биылғы жобаларды суық түспей аяқтауға міндетті.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин