Семейде қоғамдық көлік мәселесі бақылауға алынды
ШҚО әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына тұрғындар автобустардың жай-күйі мен жұмыс кестесіне қатысты шағым қалдырған. Қала басшылығы айтулы мәселеге орай түсінік берді. Өңірде қоғамдық көлік қатынасы жақсара ма?
«Даниал Ахметовтің Instagram парақшасына фейк шабуыл жасалған», – деп мәлімдеді ШҚО Жолаушылар көлігі басқармасындағылар. Бір күн бұрын өңір әкімінің кез келген постының астында «Семей қаласындағы қоғамдық көлік мәселесін шешіңіз» деген сөз пайда болған. Жергілікті билік қоғамдық көлік сапасын жақсарту үшін бірқатар шара қолға алынды дейді.
Ернар Мустафин, ШҚО Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Елімізде қоғамдық көліктерді жаңғырту бағдарламасы бар. Соған сәйкес өткен жылы Семейде мемлекетпен бірлескен кәсіпорын құрылып, оған бюджеттен 633 млн теңге бөлінді. Өйткені қалада қаржы ұйымдарының шартына сай алғашқы жарна түріндегі қомақты қаржы салатын компания болған жоқ. Ал бүгінгі туындап отырған мәселелер – бұрыннан бар және күнделікті туындап отыратын түйткілдер.
Қалада күн сайын 230 автобус жолаушы тасымалдағанмен, жетіспеушілік байқалады. «Электрондық билет жүйесі жолаушылар легін бақылауға мүмкіндік береді және бұл мәселе де шешімін табатын болады», – дейді әкімдік өкілдері.
Болат Қылышбеков, «Semey Bus» ЖШС директоры:
- Егер қазіргі уақытта бізде бар және қосымша керек көліктердің саны туралы айтатын болсақ, біз үшін бұл мәселені шешу қиындық тудырмайды. Біз қосымша автобустарды шығарамыз және барлық талапты орындауға тырысамыз.
Әкімдік өкілдері қоғамдық көліктерді кешкі сағат 21:30-ға дейін жүргізуге уәде берді. Жалпы Семейде жол ақысы 80 теңгені құрайды. Бұл еліміз бойынша ең төменгі тарифтердің бірі екен. «Қоғамдық көлік мәселесіне қатысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргізуде», – деп жазды облыс әкімі өзінің Instagram парақшасына.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов