Junior Eurovision 2020 халықаралық байқауында Қарақат Башанова ел намысын қорғайды
Ол – Алматы облысынан келген Қарақат Башанова. Алматы облысынан келген жас өнерпаз қазылар алқасын жүрекке тиер әнімен бір жылатты. Себебі әнін қайтыс болған әкесіне арнаған екен. Жүрекпен орындалған ән жүректерге жетті. Көрермен көзайымы да болды. Бұл байқаудың жеңімпазы «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде анықталды. Қазылар алқасынан бөлек көрермендер де дауыс берді. 12 финалист еліміздің танымал композиторларының арнайы жазылған авторлық әндерін шырқады.
Қарақат Башанова, Ұлттық іріктеудің жеңімпазы:
- Біз бұл жобаға көп дайындалмадық. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Өте күшті болды. Әнімді әкеме арнадым. Енді осы әніммен әлем алдында өнер көрсетіп, ел намысын қорғаймын.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған ұмытылмас шоу бүкіл команда жұмысының нәтижесінде жоғары деңгейде өтті. Айтпақшы, СМС-дауыс беру арқылы жиналған барлық қаражат қайырымдылыққа аударылады. Ұлттық іріктеудің бірінші кезеңі аясында Қазақстанның барлық өңірінен 684 өтінім қабылданды. Екінші кезеңде қазылар алқасы ең мықты 30 қатысушыны таңдады, олардың ішінде 12 финалист дауыс беру арқылы анықталды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Junior Eurovision байқауында 700 қатысушы ішінен суырылып шыққан 12 сайгүліктің арасынан нағыз жүйрік жеңіске жетті. Жеңімпазымыз әке құндылығын дәріптеп, әке туралы әнімен тек қазылар алқасын ғана емес, көпшілік көрерменнің басым дауысына ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш байқауға Қазақстанның осымен үшінші мәрте қатысуы. «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағы қауымдасығының мүшесі болғандықтан, жас өрендерге осындай мүмкіндік беріліп отыр. Байқаудың финалы 29 қарашада коронавирус пандемиясына байланысты онлайн-форматта өтеді. Оны да әдеттегідей «Хабар» телеарнасының эфирінен көре аласыздар.