Хабар телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыртқа бағасы қымбаттап кетті

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Жұмыртқа – жылдам әрі оңай жасалынатын тағам. Көбіне оны таңғы асқа қуырып жейтініміз рас. Бірақ уақыт өткен сайын өнімнің бұл түріне сұраныс төмендеп барады. Ал бағасы керісінше қымбаттап жатыр.

Баға бағамен, бірақ бұқара баяғыдай сатып алмайды жұмыртқаны. Оған біз түсірілім кезінде көз жеткіздік. Халық құс тұмауынан қорқып қалған.

БЛИЦ:

–Енді құс тұмауы болған соң алмай жүрмін. Бұрын осы жерден алатын едік. Бишкульскийді алатынбыз. Қазір қымбаттапты, бұрын арзан болған.

– Қазір тек дүкеннен сатып алуға тырысамын. Ол жерде жұмыртқа тексеріледі ғой.

Сатушылардың айтуы бойынша, соңғы он шақты күнде сатылым көлемі екі есеге дейін төмендеп кеткен. Дендеген дерт халықпен бірге кәсіпкерлерді қыспаққа алып жатыр.

Сәуле Құсайынова, сатушы:

– Осыған дейін баға 180-200 теңге болатын. Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар. Бүгінгі күні тек бір ғана фабрикамен жұмыс істеп жатырмыз. Күніне әрі кетсе екі қорап саталады. Оның үстіне халық анықтама қағазын сұрататын болды.

Бағаны салыстырмақ үшін базардан дүкенге бардық. Бұл жерде жұмыртқаның ондығы 360-380 теңге дейін көтерілген. Алайда түсірілім тобын көрген кезде сатушылар бағаны ауыстыруға асықты.

Ал құс фабрикасының директоры Игорь Тищенко жұмыртқаның бағасы қымбаттағанын растады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, биыл қанаттыларға беретін бидайдың тоннасы 58 мыңнан 85 мыңға өскен. Оның үстіне осы жылы кәсіпкерлер демеу қаржыға әлі қол жеткізбеген.

Игорь Тищенко, құс фабрикасының директоры:

– Биылғы жылға субсиядияны әлі алған жоқпыз. Оған қол жеткіземіз бе, жоқ па, ол да белгісіз. Ал жем азықтың құны да 30 процентке өсіп кетті. Коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Сондықтан амалсыздан осындай қадамға барып отырмыз.

Айта кету қажет, бірінші санаттағы жұмыртқа –әлеуметтік маңызы бар тауарға жатады. Сондықтан әкімдіктегілер кәсіпкерлермен оның бағасын қымбаттатпауға уағдаласқан.

Мұрат Нұрқанов, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Құс фабрикасының екеуі құс тұмауына байланысты карантинге жабылып тұр. Әкімдік тарапынан жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларымен келіссөзге қол жеткізілді. Қазіргі күні бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы – 280 теңге.

Айта кету қажет, жұмыртқа бағасының өсуі маусымға да байланысты. Яғни жеміс-жидек піскен кезде ол арзандайды. Ал күз, қыста керісінше сұраныс артқандықтан, баға да шарықтап кетеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев