Әлеуметтік желідегі әжуа: Кибербуллинг күшейіп барады
Қазақстандықтар арасында кибербуллинг көбейген. Басқаша айтқанда әлеуметтік желідегі әжуа. Әсіресе ғаламтордан келетін қауіптің қақпанына жасөспірімдер түсіп жатыр. Сарапшылар зерттей келе, әрбір бесінші қазақстандық жеткіншек кибербуллингке тап болатынын айтады.
Арыс қаласы осы жазда тағы бір дүрлікті. Бір топ жұмыссыз жас кішкентай қаланың кішкентай тұрғындарын суицидке итермелеген. Телеграмм әлеуметтік желісі арқылы.
Салтанат Қаракөзова, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Бұл азамат – суицидалды топтың кураторы. Күдікті бұрын сотты болмаған. Жас жігіт. Еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды.
Әлия Күлмағанбетова, педагог-психолог:
- Үш қыз бала бізде бір-бірімен достасып жүреді. Бір күні бір-бірімен ұрысып қалады. Олар бір-біріне ашық түрдегі суреттерін жіберген екен. Ұрысып қалған кезде екі қыз үшінші қызға: «Біздің айтқанымызды істемесең, сол суреттерді желіде жариялаймыз», – деп айтады.
Әлия Күлмағанбетова – астанадағы нөмірі №22 мектептің педагог-психологі. Осы мектепте кибербуллингпен бетпе-бет келген. Мектептегі мәселе – Парламенттің Жоғары палатасына да жетті. Сенатор Нариман Төреғалиев Үкіметтен кибербуллингпен күрестің шұғыл да қатаң жолдарын қарастыруды сұрап отыр.
Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл жапалақ», «Мені сағат 04:20-да оят» т.б. дүниежүзін дүрліктіріп қана қоймай, енді осындай ойындар қазақ тілінде пайда бола бастағаны қоғамды алаңдатуда. Қылмыстық жауаптылықты қатаңдату бойынша да заңнаманы жетілдіру орынды деп санаймыз.
Сенатор мектептерде «Кибербуллингтің зардаптары» тақырыбындағы тәрбие сағаттарын өткізуді ұсынады. Себебі әлеуметтік желідегі әжуаның кибербуллинг екенін, ол үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін көбі біле бермейді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары қазақстандық оқушылар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесі мынадай.
Ақбота Әбілдина, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы:
- Жалпы білім беру мектептері арасында өтті. Бұл зерттеу жұмысына 6546 бала қатысты. Олар 11-15 жас аралықтағы балалар болды. Бұл зерттеудің нәтижесі бойынша 5% екі немесе үш рет кибербуллингке ұшыраған. Және бұл көрсеткіш жасы ұлғайған сайын ер балалар арасында ұлғая береді.
Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров «кибербуллинг» терминімен 2011 жылдан таныс. Соңғы сегіз жылда қауымдастыққа кибербуллинг құрбандарынан 19 мыңнан аса хабарлама түскен.
Шавкат Сабиров, «Қазақстанның интернет қауымдастығы» ЗТБ президенті:
- Кибербуллинг интернеттегі әжуадан басталады, қорлау, бопсалау, мұның соңы тіпті өз-өзіне қол жұмсаумен қайғылы аяқталуы мүмкін. Кибербуллингке тап болған балалардың ата-аналары бұл жағдайды жариялағысы келмейді, полицияға хабарламайды.
«Осы үнсіздік соңы үлкен трагедияға алып келуі мүмкін», – дейді сарапшылар. Карантин кибербуллинг мәселесін тіпті үдетіп жіберді. Енді қазақстандық жасөспірімдерді ЛГБТ топтарына тарта бастаған. Жалпы үлкені мен кішісі бар қазақстандықтар әлеуметтік желімен тым қатты әуестеніп кетті. Бұл – Касперский лабороториясының тұтас Орталық Азиядағы басқарушы директоры Евгений Питолиннің пікірі.
Евгений Питолин, Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы Kaspersky LAB басқарушы директоры:
- Ата-аналар балаларына смартфонды ұстатып қойып, интернетке босатып жібереді. Осылай ете тұра оны қолдану мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндірмейді. Осындай еркіндікті сезінген балалар бірден өзі туралы бар ақпаратты сала береді. Бұл овершеринг деп аталады. Және жасөспірімдер желіде өзін қалай қабылдайтынын уайымдап, лайк күтумен болады.
Спикердің сөзінше Қазақстандық балалардың 85% жеке смартофны бар. Бастауыш мектептегі оқушылардың 43% түрлі әлеуметтік желілерде өз парақшасын ашып алған. Жоғары сыныптарда бұл көрсеткіш – 95%.
Оқушылардың тең жартысы интернеттегі таныстыққа қарсы еместігін білдірсе, үштен бірі сол таныстарымен кездескен де. Балаға бақылау керек. Және ол бақылау отбасыдан басталуы тиіс. Біз тілдескен спикерлердің ортақ ой-пікірі осыған саяды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Болотбек Таубалдиев, Жандос Жұмабеков, Дана Мырзатай, Шапағат Қуатбекова