Қостанай орталық базарындағы жерді дүңгершектер заңсыз иеленіп отыр
Олардың айтуынша жаяу жүргіншілерге арналған жол бойын саудагерлер жайлап алған. Сондықтан жалғыз аяқ жолға зар болып қалдық дейді.
Қостанайдағы әйгілі көк базар. Соңғы жылдары кеңейіп, қанат жайғаны соншалық, қасындағы көпқабатты үй тұрғындарына қолайсыздық тудыра бастады. Базардың екі жақ бетіндегі Победа мен Шевченко көшелері тарылып, көлік тұрмақ, жаяу жүрудің өзі мұңға айналды.
Фазыл Тәжібаев, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Жеміс-жидек, басқа да тауарлар сатады. Ол заңсыз, өйткені ол жерде адамдар жүру керек, көліктер өту керек. Көп проблема жасайды.
Қазір базар маңы ғана емес, сол маңайдағы үй аулалары да көлікке толы. Сапырылысқан машиналар мен адамдардың айқай-шуынан шаршаған жергілікті тұрғындардың да жағдайын әбден түсінуге болады.
Фазыл ақсақал бастаған белсенді топ сауда орындары жаяу жүргіншілер жолын заңсыз пайдаланып отырғандығын үш жылдан бері жан-жаққа жазып, айтып жүр. Бірақ құзырлы органдар тарапынан ешқандай іс-әрекет байқалмаған. Алайда Қостанай қалалық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Динара Тұрсынбаева да дүңгершектердің жол бойында орналасуы заңға қайшы деп отыр.
Динара Тұрсынбаева, Қостанай қалалық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Ортақ пайдалануға арналған жер телімі ретінде үш жыл бұрын бұл аумақ 2022 жылдың қыркүйек айына дейін жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. Бірақ біз құжатта көрсетілген сызбадан нақты орналасқан жер аумағы арасында айырмашылық бар екендігін байқап отырмыз. Олар жаяу жүргіншілер жолын қалдыруы тиіс еді. Алайда оны білгенімізбен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген мораториге байланысты қазір кәсіпкерлерді біз тексере алмаймыз.
«Қара қазан, сары бала қамы үшін қысы-жазы далада сауда жасап жүргендерді дәл қазір басқа жаққа ығыстыру оңтайлы шешім деуге келмейді», – дейді әкімдіктегілер. Ал тұрғындар болса, енді сотқа жүгінеміз деп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг