Өскеменде «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлердің дені сапасыз болып шықты
Кейбір үйлерге тартылған жоғары кернеулі электр сымдары шұбатып жерде жатыр. Ал тұрғындар баспанға қатысты базыналарын айтып, жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырумен жүр.
Жөндегенмен құрылысы жөнсіз болғандықтан, жүз түрлі кемшілік бар. Жауын жауса болды бұл бес қабатты үйдің тұрығындары да толарсақтан саз кешеді. Төбеден аққан су жертөлеге жетеді. Маңайы да астаң-кестең.
Сая Майшоқпарова, қала тұрғыны:
- Ешкімнің қатысы жоқ. «Не істесеңіздер де өздеріңіз білесіздер», – дейді. Апаттық қызмет келмейді. Құрылыс бөлімі телефонды алмайды. Үйді салғандар хабарласпайды.
Хабарласқанмен үйді салған мердігерден қайыр аз . Ол компанияның қазір аты болғанмен, заты жоқ. 70 пәтрелі үйдің тұрғындары ашық-шашық аяқ астында шұбатылып жатқан жоғары кернеулі электр сымынан қауіптеніп отыр.
Дина Кеңеспаева, қала тұрғыны:
- Қаншама рет әкімдікке де, құрылыс бөліміне жібердім. Осы үйде тоғыз айдан бері тұрамыз. Бәрі бір-біріне сілтей береді. Мына жерде балалар ойнайды. Кішкентай балалар бар. Сонда осындай жерлерді қалай ашық қойып қоюға болады.
Суық болғандықтан, әрбір пәтер электрлі жылытқыш құрылғыларын қосады. Ортақ желі ауыр жүктемені көтермегіндіктен, жарық та жиі өшеді.
Қорыққан тұрғындар тоғыз айдан бері қаладағы осы салаға жауапты барлық коммуналдық мекеменің табалдырығын тоздырумен жүр. Бірақ әзірше тұщымды жауап болмай тұр.
Фархат Жылыбаев, Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Әл-Фараби 42/3 мекенжайындағы үй бойынша өңірдегі энергетикалық компаниямен қазір сұрақтардың барлығы шешіліп жатыр, Жылу мәселесін тексердік. Құрылыс фирма кемшіліктерді жойып жатыр. Ертең, арғыкүні бәрі қосылады.
Ертең одан арғыкүні қоспаққа жоспарлап отырғанда шығысқа қазанның алғашқы қары да түсті. Ал қазанның қара суығынан соң қарын алып қараша келеді. Сондықтан тұрғындар желтоқсан жетпей, жарық пен жылудың тезірек берілуін күтіп отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин