Түркістан облысында жаңадан төселіп жатқан жолдардың сапасы сын көтермейді
Кентау қаласына қарасты Ұшқайық ауылының тұрғыны Түркістан-Балтакөл тасжолында тастың үстіне асфальт төселіп жатқанын әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
Алдымен қоғамда қызу талқыға түсіп, жұрттың ашу-ызасын тудырған мына видеоға назар аударсақ. Әлеуметтік желіде желдей ескен бұл кадрларда Ұшқайық ауылы тұрғынының талапты сақтамай жол төсеп жатқан техниканы тоқтатып, кемшілігін бетіне басып жатқаны анық көрінеді.
Аталған видео бойынша облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тексеру тағайындалды. Сөйтіп асфальттің талапқа сай салынбағаны анықталды.
Ролан Ибрагимов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Оны бұзып, басынан салатын болады. Ол жерде шебердің кінәсі болып отыр. Басшылығы бізден және халықтан кешірім сұрады. Айта кететін бір мәселе, ол жұмыс орындау актісімен қабылданбаған.
Қабылданбаған соң басқарма мердігер компанияға айыппұл салып, жауапқа тарта алмаған. Бірақ мұндай кемшіліктер қабылданған жолдардан да анықталған. Мәселен, биыл өңірдегі ұлттық сапа орталығы он рет тексеру жүргізіп, 61 кемшілікті әшкереледі. Алынған 47 сынаманың нәтижесінде жолдың қалыңдығы мен тегістігі стандартқа сай болмай шыққан.
Данияр Камалов, Жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының инженері:
- Биыл ауыр жүк көліктері Мақтаарал ауданы, Түркістан, Арыс аудандарына көп жүргеннен кейін, сол жақтарда жол да көп бүлінді. Біз ол туралы мердігер мекемелерге хат жазып жібердік.
Мұндай кемшіліктер өткен жылы да тіркелген. Жаңадан төселеген 14 шақырым жол сүріліп, қайта төселіпті. Оған мердігер мекемелердің салғырттығы себеп болған. Ал биыл қанша шақырым жолдың қайта салынары әзірге белгісіз. Айта кетейік, биыл өңірде автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 52,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Үміттің қаншалықты ақталатынын жол құрылысы біткеннен кейін көретін боламыз.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы