Семейдегі орталық саябақтың жөндеу жұмыстары қашан аяқталары белгісіз
Жалпы құны бір млрд теңгеден асатын жоба түрлі себептермен жүзеге аспады. Әкімдіктің жауапты шенеуніктері жыл соңына дейін нысанды іске қосамыз десе, мердігерлер күн суытуына байланысты көптеген жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз дейді. Ал қалалық қоғамдық кеңес мүшелері жоба құнының тым қымбат әрі шала тұстары көп екенін айтады.
300 мыңнан астам халқы бар Семейде өткен ғасырдың соңында бірнеше саябақ жекеменшікке сатылып кеткені жасырын емес. Олардың бірінде сауда үйлері, екіншісінде жер үйлер пайда болды. Қаладағы жалғыз саябақты күрделі жөндеу жобасы осыдан екі жыл бұрын қолға алынып, оған облыстық қазынадан бір млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда екі айда жөндеп бітіреміз деген атқарушы билік өкілдерінің уәдесі әлі күнге орындалар емес.
Асан Дүйсембаев, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жұмыстарды биыл аяқтауды көздеп отырмыз. Қазір субұрқақтардың тұғыры орнатылып жатыр. Тас төсеуіштер де салынады. Кестеден біраз кешігіп келеміз. Дегенмен жақын арада саябақ халық игілігіне беріледі деген ойдамыз.
Мамандардың пікірінше құрылыстың ұзаққа созылуына алдымен жобадағы түзетулер кедергі болған. Бұл түзетуден кейін қосымша тағы 100 млн теңге қаржы бөлініпті. Алайда карантин басталып кетіп, жұмыс тағы тоқтаған. Енді кейбір құрылыс материалдары кешігіп келіпті.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Осылайша жауапты шенеуніктер мұндағы құрылыстың 90% аяқталған деп сендіргісі келді. Алайда саябаққа келгенде көргеніміз айнала шашылған қоқыстар және де қаптамасы әлі күнге ашылмаған мынандай құрылыс материалдары. Тіпті кейбіреуін тат басып қалыпты. Ал алда күздің қара суығы мен қар аралас жаңбыр келе жатқанын ескерсек, бұл жұмыстардың биыл да аяқталмайтын түрі бар.
Владимир Черненко, мердігер мекеме өкілі:
- Күн райының суытуына байланысты енді құрылыс жұмыстарын жүргізу қиынға соғады. Сондықтан сәулет ескерткіштерін қою, субұрқақ пен спорт алаңдарын жасауды келесі жылы қолға аламыз.
Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, құрметті құрылысшы Николай Исаевтың пікірінше бұл жобада шикілік көп. Қайта-қайта түзеткеннің өзінде өрескел тұстар мен «Сәулет құрылыс туралы» заңының 51-бабына қайшы келетін тұстары көп. Әжетхана атымен жоқ. Нысан орталығындағы Шәкәрім ескерткішінің субұрқақтың қақ ортасында қалғаны да түсініксіз.
Николай Исаев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Бұл саябақты іске қосамыз дегелі қашан?! Жоба құнының тым қымбат екені өз алдына, оны қалай жасау керектігін халықпен ақылдаспағаны жан ауыртады. Мемлекеттің қыруар қаражаты мақсатсыз оңды-солды шашылып жатқаны өкінішті.
Нысанның көрнекі жерде ілініп тұруы тиіс төлқұжаты да қайда кеткені белгісіз. Біздің түсірілім тобы барғанда пайда болған 5-6 азаматтың қарқынды құрылыс кейпін жасағысы келгені не керек, біраздан соң олар да көзден ғайып болды.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Омірханов