Некесіз қатынастың салдарын алдын алуға бағытталған әлеуметтік жоба іске қосылды
Оны Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығы мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жүзеге асыруда. Жобаны қолға алуға түрткі болған басты себеп – қоғамымызда ұрпақсыздықтың артуы. Бұл сұмдық жағдайдың алдын қалай алу керек?
Ерте жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулардың алдын алудың жолдары – ата сүтімен баланы емізудің маңыздылығы, босанудан кейін қалыпқа келу. Кеңес беру орталығына осы тектес түрлі сауалдармен таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін күн сайын қоңырау шалуға болады. Оператор тағдырдың тәлкегіне түсіп, шарасыз қалғандар болса, дереу психологқа қосады. Ал денсаулығында өзгеріс байқағандарды гинеколог маманмен байланыстырады.
Галина Гребенникова, Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры:
– Бізде қажетті білікті мамандар кеңес береді. Психологтар да, гинекологтар да қазақша, орысша, екі тілде сөйлейді. Қалалық және мобильдік телефондардан қоңырау шалу тегін. Хабарласқан адамға қатысты ақпаратты еш жерде жарияламаймыз. «Біреу біліп қояды екен» деп қорқудың қажеті жоқ. Интернетте ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсінбейсің. Ал бізде сенімді ақпарат беріледі.
«Қызға 40 үйден тыйым салуды» құптаған қазақ болмысы үшін жат болғанымен, 2018 жылғы зерттеу қазіргі жасөспірімдердің 16 жастан бастап еркіндікке елігіп, ерте есейетінін көрсетті. Ал сол сауалнамаға қатысқандардың 16 проценті жоспарсыз бала көтерсе, олардың жартысы жасанды түсікке жүгінген екен.
Галина Гребенникова, Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры:
– Сұралған жасөспірімдердің 41 проценті – сексуальды белсенді. Алайда ерте жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан сақтанудың жолдарын тек 20 проценті білетін болып шықты. Қоғамымызда «ұят тақырып» саналады. Бірақ жасөспірімдер жасырған сайын жұқпалы инфекциялар, соның ішінде ВИЧ, ЖИТС сияқты дерттер көбейіп келеді.
Бұл әлеуметтік жобаға түрткі болған басты себеп – қоғамымызда ұрпақсыздықтың артуы. Қазір елімізде бедеуліктің салдарынан әрбір 6-ші отбасы бала сүйе алмай отыр. Сондықтан мамандар: «Отбасын жоспарлауды бүгіннен бастап, өскелең ұрпақты ақпараттандыру қажет», – дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт