Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленді
Өңірді индустрияландыру жалғасады. Ірі өндірістер айналасында ілеспе бизнес құрылып, өнеркәсіптік өңдеудің жаңа бағыттары айқындалуы тиіс.
Әлеуметтің әлеуетін көтерудің бір тетігі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Өңірде өндірісті өркендетудің нақты қадамы айқын. Жоспары жүйелі. Дегенмен сұранысқа ие маман жоқ. Карантин кезінде өңірдегі кейбір ірі құрылыстардың қарқыны бәсеңдеп қалуына да шетел жұмыс күшінің жетіспеушілігі себеп болған еді.
Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:
- Қазір қарасаңыз, мына шыны зауытында шетелден келген мамандар жұмыс істейді. Біз он жыл бұрын шыны зауыт салынатынын білдік қой. Неге маман дайындамаймыз?
Бұл бір зауыттың айналасындағы мәселе емес. Көп салада кадр жайы өзекті. «Өңірде оқытылатын мамандықтарға талдау жүргізе отырып, жүйелі жоспар құру қажет», – деді облыс әкімі. Әлем экономикасын іркілткен індеттің екінші толқынына да тас түйін дайындық бар. Өңірде жаңадан инфекциялық аурухана салынып жатыр. Жалағаш ауданындағы орталық аурухана екі айдың айналасында іске қосылады. Медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Дегенмен...
Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:
- Облысымызға әлі де 120 дәрігер қажет. Керек болса, пәтер берейік. Жол картасын жасаңыздар. Оларды ынталандыру мақсатында ұсыныстар жасайық.
Ұсыныстар аз емес. Әсіресе агросалада. Суармалы судың жайын кешенді түрде шешу керек. Егінді өңірдің экологиялық ерекшелігіне қарай әртараптандыруға қарқын қосу маңызды. Ал балық шаруашылығына келесі жылы 1 млрд теңге қаржы бөлу жоспарда бар. Бұл қомақты қаржы 2030 жылға дейін аймақта 55 көл-тауарлы балық шаруашылығын, тоғыз тоған және акваөсіру өндірістерін бастаудың алғашқы қадамы болмақ. Ендігі үш жылдықта ескерілетін елеулі жоспарлар осы мәселелер аясында түзілетін болды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамед Байділдаев