Тоғыз айда қазақстандықтар 566 келі алтын сатып алған
Өңірлерге шаққанда алтын сатып алудан Алматы көш бастап тұр, екінші орында Атырау және үшінші орында Нұр-Сұлтан қаласы.
Биыл алтын бағасы әлемдік биржаларда рекордтық көрсеткішке жетті. Бүгінде бағалы металдың бір грамы 26488 теңге деп бағаланып отыр. Биыл құнды металл едәуір қымбаттаған. Әлемдік сарапшылар алтын нарығына коронавирустың да әсер еткенін айтады. Пандемия кезінде инвесторлардың тұрақты салым іздеуі себеп. Қазақстандықтар да алтынға инвестиция құюды көбейтті.
Сәкен Тәжиев, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:
- 2020 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейінгі кезеңде жалпы ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 550 кг-дан астам болатын 13 208 өлшеуіш құйманы сатып алды. Қыркүйек айында жалпы салмағы 65,2 кг болатын 1480 өлшеуіш құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрде ұсынылады. 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық. Халық арасында әсіресе он грамдық құйма сұранысқа ие. Алтын сатып алу бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Сатылған құймалардың 55% алматылықтар алған. Одан соң атыраулықтар мен елордалықтар тұр.
Сәкен Тәжиев, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:
- ҚР Ұлттық банкі тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу халыққа арналған бағдарламасын 2017 жылы іске қосты. Барлығы 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,25 тонна құрайтын 34 688 өлшеуіш құйма сатылды.
Қазіргі кезде алтын құймаларын еліміздің екінші деңгейлі банктері арқылы немесе айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға да болады.
Авторы: Гүлжан Марқабаева