Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны көбейді
Осылайша ауруды жұқтырғандар саны 110 мыңға жуықтады. COVID-19 жұқтыру дерегі анықталған өңірлер арасында Шығыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстары көш бастап тұр. Сондай-ақ еліміздің бас шаһары мен Алматы қаласында да инфекцияны жұқтыру көрсеткіші жоғары.
14 қазан күнгі жағдай бойынша 179 адам аурудан жазылды. Елімізде барлығы 104 мың 525 адам емделген. Осы орайда дәрігерлер қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырып отыр.
Яна Ливак, қалалық №15 емхананың инфекционист дәрігері:
– Індеттің алғашқы толқыны қаншалықты ауыр болғанын білеміз. Сондықтан жаппай жұқтырғандарды болдырмау және өлім-жітімнің алдын алу үшін қазірден бастап сақтық шараларына ерекше мән беруге, бетперде тағып жүруге тиіспіз. Барлық жерде 1,5- 2 метр арақашықтықты сақтап, қоғамдық орындарға бармауға тырысқан абзал. Егер де сізде жөтел, мұрын бітелуі, дене қызуының көтерілуі, иіс-дәм сезбеу, демікпе сияқты белгілер пайда бола бастаса, дереу медициналық мекемеге немесе емдеуші дәрігеріңізге барыңыз!