Елімізде сүт безінің қатерлі ісігі көбейіп барады
Қазақстанда Бүкіләлемдік сүт безінің қатерлі ісігіне қарсы күрес күніне орай Ашық есік күндері басталды.
Маммолог мамандардың сөзінше, кеуде обыры – әйелдер арасында кең тараған онкологиялық ауру. Қазақстанда былтыр 5 мыңдай адам осы қауіпті дертке шалдықса, 1400 әйел көз жұмды. Алғашқы сатысында кеуде обыры байқалмайды. Сондықтан оны өткізіп алу қаупі де жоғары. Қазір Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер арасында тегін, скрининг жүргізілуде. «Ісік неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым тез емделіп шығуға мүмкіндік бар», – дейді мамандар.
Нәзгүл Омарбаева, Қазақ ғылыми онкология және радиология институтының онколог-маммолог хирургі:
– Жыл сайын скринингпен ісіктің кішкентай кезінде төменгі сатысында анықталып, толық емделіп кеткен адамдар саны өсіп жатыр. 2018 жылы 700 адам болса, 2019 жылы скрининг бойынша 900 адамнан сүт безінің қатерлі ісігі табылған. Ол скрининг бойынша алғашқы сатыдағы үлесі – 90 процент. Неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым толық емделіп кетуге мүмкіндік бар. Жыл сайын кем дегенде бір рет ультрадыбыстық зерттеу, мамографиядан өтіп, маммологтың консультациясына міндетті түрде қаралып тұру керек.