Жамбыл облысында «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесі ашылды
Ол үшін Таразда алғаш рет «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесі ашылды. Орталық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, жан-жақты қызмет көрсету бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ бизнесті қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында пандемия кезінде кәсіпкерлерді демеп, олардың құқықтарын қорғау мәселесі пысықталды.
Жиында бизнесті жан-жақты қолдап, кедергілерді мейлінше азайту мәселесі көтерілді. Келтірілген деректерге сәйкес кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу және салыққа қатысты кедергілерге жиі тап болады. Осыған қатысты облыстың кәсіпкерлер палатасына 200-ге жуық арыз-шағым түскен. Ішінде әсіресе жер қатынастары саласында кедергі көп. Бұл проблеманы шешу үшін өңірде алғаш рет геопортал жасалмақ.
Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:
- Осы уақытқа дейін облыста геопортал жоқ. Біз оған қосымша 64 млн қаржы бөлдік. Тағы да қаржы бөлеміз. Бірінші геопорталды Таразда жасаймыз. Әрбір кәсіпкер қай жерде бос жер бар екенін білу керек. Үйінде отырып сол жерді алу керек.
Кездесу барысында кәсіпкерлерді қолдау және қорғауға бағытталған жол картасына қол қойылды. Сондай-ақ Таразда кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесі ашылды. Енді кез келген «бизнес бастаймын» деген азамат әкімдік пен мекемелерді аралап сабылмайды. Кеңседе бір терезе қағидасы бойынша қызмет ала алады.
Жанел Ілиясова, «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің жетекшісі:
- 24 қызмет түрі көрсетіледі. 19 маман отыр. Кеңес береді. Бизнес жоспар жасауға, несие алуға және әртүрлі консультациялық қызмет көрсету қағаздарын, рұқсатнамаларын алуға, несиеге қызмет көрсететін болады.
Аймақта жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен кәсіпкерлерге 2,5 млрд теңге қолдау көрсетілген. Сондай-ақ қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына 192 жоба енгізілген. Оған 74 млрд теңге қаржы бөлініп, кәсіп иелеріне демеу көрсетіліп жатыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә