«Әбу Насыр әл-Фараби» энциклопедиясы жарық көрді
Биыл қазақ халқының ұлы ғалымы, тарихшы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына – 185 жыл. Соған орай ғалымның рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ал негізгі іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасты. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы биыл елімізде кең ауқымда өтіп жатыр.
Университет кітапханасында өткен ғылыми-теориялық конференцияда әл-Фараби мұраларын зерттеудегі соны ізденістер мен мерейтойлық жыл ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық деңгейде өтіп жатқаны айтылды.
Әлемде тұңғыш рет жарыққа шыққан «Әбу-Насыр әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Биыл ұлы ойшылдың мұрасын зерттеуші ғалымдардың жеті ғылыми монографиясы жарық көрді.
Сондай-ақ шара барысында елімізде фарабитанудың негізін қалаған көрнекті ғалым, ұстаз «әл-Фараби және Абай» атты толымды еңбек жазған Ақжан әл-Машанидің ескерткіш бюсті ашылды.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
– «әл-Фараби және Абай» кітабында көрнекті ғалым дәуірде өмір сүрген әл-Фараби және Абай шығармаларының өзара байланысын көрсете білді. Егер жазбаша поэзия Абайдан басталса, орта Азия мен Араб әлемі ғылымының бастаулары, оның көшбасшысы, әрине, әл-Фарабиден басталады. әл-Машанидің халықтың рухани мұрасын жандандыру үшін жасаған іс-әрәкеті – жалпыадамзаттық мағынаға ие.
Сондай-ақ сапар барысында Қырымбек Көшербаев Ұлттық кітапхана ғимаратында көрнекті абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы мен қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлұлының 90 жасқа толуына арналған «Асыл адам айнымас» атты жиынға қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізген Мемлекеттік хатшы қос мерейтой иесіне арнайы құрмет көрсетіп, қазақы салтқа сай иықтарына шапан жапты.
Басқосу барысында абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайдың шығыстық әлемі» және антрополог ғалым Оразақ Смағұлұлының «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.