Қаламгер Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» романының тұсауы кесілді
Сөз өнерінің құдыретін жетік білетін қаламгерлер «Қызыл қар» шығармасының роман болып қайта басылып шығуын ерлікке теңеді. Себебі 1984 жылы повесть болып жарияланған шығарма ол кездегі солақай саясаттың қатаң сынына ұшыраған.
Малшының баласы Жұмабай Шаштайұлы сол кезеңдегі шопанның өмірін шынайы суреттейді. Сападан гөрі, санға мән берген райком басшылығын әшкерелейді. Ерте көктемде райкомның нұсқауымен төлдегелі тұрған қорадағы қой жайылымға шығарылып, дені далада төлдеп, көп шығын болады. Қар қанға малынады. «Малшының ауыр бейнеті көрсетілген шығармада әке мен бала арасындағы қазақи қарым-қатынас та жақсы суреттелген», – дейді автордың замандастары.
Жұмабай Шаштайұлы, жазушы:
– Сол шыққан бетте 2 айдан кейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті бір үлкен журналистердің жиынында әкесін танытып тұрып сынады. Осындай мал шаруашылығының қырылғанын өте жаман көрсеткен шығарма деп. Содан кейін ол «Правдаға» шықты. Сондай бір қияметі көп болған. Соны мен бірнеше жылдан кейін қайтадан қолға алып, роман қылдым.
Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Жұмабай өтірік жазбайды, маңайында болып жатқан оқиғаларды, өзінің жолдастарын, өзінің мектебі, өзі оқыған жерде болған шындықтарды жазып отыр. Сонысымен нанымды.
Бұл автордың «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» романдарынан кейін шыққан үшінші романы. Таралымы 1000 дана болатын кітап еліміздің ірі кітапханаларына таратылады.