СҚО-да 40 шақты мекеме жылуға қосыла алмай отыр
Қаладағы әлеуметтік нысандарға 17 қыркүйектен бастап жылу берілгенімен, 40-тан астам әртүрлі нысан қалтырап отыр. Олардың қатарында тұрғын үйлер де бар. Мұндағы халықтың көбі несие алып, пәтерлерін орталық жылу жүйесіне қостырып алған болатын.
Ал монополист компания болса, түрлі сылтау айтып, құжаттарын қабылдамай отыр. Бүрсеңдеген жұрттың арыз айтып, бармаған жері жоқ. Еш нәтиже болмаған соң, біздің арнаға шағымданды.
Петропавл қаласының тұрғыны Айнагүл Зейнелғабиденова екі жыл дегенде баспанасын орталықтандырылған жылу желісіне қосты. Жалғызбасты әйел ол үшін екі миллион теңге несие алған. Алайда энергетиктер әлі күнге жылу бермей отыр.
Айнагүл Зейнелғабиденова, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Үй үлкен. Оны жылыту үшін күніне бес шелек көмір жағу керек. Оның тағы күлін тазалау қажет. Жалғыз өзіме қиын болған соң орталық қазандыққа қосылдым. Қазір тиісті құжаттардың бәрі дайын. Ал күн болса, суып барады. Жылу болатынына сеніп, қысқа да қамданған жоқпын.
Ал Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан екі қабатты үйдің тұрғындары жазда пештерін бұзып тастаған. Салдарынан қарттар мен балаларға суық тиіп сырқаттанып қалған. Шарасыз халық енді не істерлерін білмей дағдарып отыр.
Нұржамал Сақықова, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Жатайық десек төсегіміз де сұп-суық. Кішкентай немерем бар. Одан қалса, мінеки, күйеуім гемодиализге жұмасына үш рет барады. Үйдің іші суп-суық. Паналап қайын апамның үйінде жүрмін. Олардың өз семьясы бар. Не айтам? Жылу берсін бізге. Не керектінің бәрін бердік. Төледік. Кімге қалай екенін білмеймін. Өзіме қиын.
Биыл Петропавл қаласында 40-тан астам нысан орталықтандырылған желіге қосылған екен. Бірақ көбі әлі оның қызығын көре алмай отыр.
Евгений Лебедько, мердігер:
– Қағазбастылық көбейіп кетті. Тіпті құбырдың диаметріне дейін тиісіп ескерту жасайды. Ал біз бекітілген заң бойынша ғана жұмыс істеп жатырмыз.
Олег Дёмин, мердігер:
– Мамыр айынан бері осы құжаттармен жүгіріп жүрмін. Тек бірақ үйге жылу берілді. Оның өзінде монополистер нысанның қабырғасын сырлатып, ойларына келгенін істетті.
Ал монополистер болса: «Мердігерлер жұмыстарын тиісті деңгейде атқармай отыр», – деп ағынан жарылды.
Андрей Калиничев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:
– Бәсекелестер көп қазір. Олардың әрқайсысы өздерінше жұмыс істейді. Салдарынан осы сұрақ туындап жатыр. Бұл мәселенің бір ғана шешімі бар. Тұрғындар барлық жауапкершілікті өздеріне алып, бізге кепілдік хат жазулары қажет. Сол кезде біз жылуды қосамыз. Ал қалған құжаттарды ақырындап реттей береміз.
Қазір екі тараптың түсінбеушілігінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Ал мердігерлер болса, жиналып әкімдікке, прокуратураға, монополияға қарсы агенттікке хат жазған. Алайда қазір еш нәтиже болмай тұр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов