Қарағанды облысында COVID-19 індетіне қарсы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті
Сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы қызмет мамандары қажетті препараттардың қоймада бар-жоғын тексеріп, көз жеткізді.
Қарағандыдағы дәрі-дәрмек қоймасына препараттың жүзден астам түрі түсті. Енді есебі жүргізіліп, құжаттары реттелген соң, өңірдегі барлық ауруханаға үлестірілмек.
Вера Лушанова, «СҚ-Фармация» ЖШС Қарағанды облысы өкілдігінің жетекшісі:
- Індетке қарсы 271 млн теңгенің дәрі-дәрмегін облыстағы ауруханалар мен емханаларға жібердік. Қазір 6 млн теңгенің препараты науқастарға берілді. Қалған 266 млн теңгенің дәрі-дәрмегі медициналық мекемелердің қоймасында тұр. Бұл тек жыл соңына дейін бөлінген дәрілер.
Қоймадағы дәрі-дәрмек көлемі медициналық мекемелердің тапсырысына қарамастан үнемі толығып отырады. Бірақ өңірде препарат тапшылығы басталса, әуелі жергілікті билік жасақтаған тұрақтандыру қоры жұмсалады. Егер ол да жетпей жатса, қоймадағы екі айлық қордан алынбақ.
Олжас Бұрханов, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының орынбасары:
- Қарағанды қаласына тиісті дәрі-дәрмектер жеткізілуде. Міндетті түрде ауыл-аймақтарға да жеткізіледі. «СҚ-Фармация» Қарағанды облысының 92 емдеу мекемесіне барлық дәрі-дәрмекті жеткізіп жатыр. Осы жұмысты біз жалғастырамыз және біздің бақылауымызда болады.
Санаулы күнде қоймаға дәрі-дәрмектің тағы 40-тан астам түрі жеткізілмек. «Бұл ай сайын жұқпалы аурулар ауруханасына түсетін 60 мың науқасты емдеп, жазуға жеткілікті», – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев