Хабар телеарнасы

ШҚО-да эпидемиологиялық жағдай ушығып барады

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірге іссапармен барып, сала мамандарымен кездесті. Індетті бұдан ары қарай өршітпеу мақсатында нақты шешімдер қабылдауды тапсырды. Қазір аймақтағы ахуалды бізбен тікелей байланысқа шыққан тілшіміз Эльмира Ахметовадан білейік.

Лаура:

 – Эльмира, кеш жарық, сіздерде санитарлық бақылау өткізу пунктері қойылғалы жатқанынан хабардармыз. Енді тағы қандай шектеулер болады?

Эльмира Ахметова, тілші:

– Иә, біздің өлкемізде өкінішке қарай, коронавирус инфекциясы күннен-күнге өршіп бара жатыр. Жалпы ел бойынша күнделікті мәлімет таратылған кезде де бұл байқалып жүрген болатын. Ал енді, міне, соңғы тәулікте 205 адамнан қауіпті кесел анықталды. Бұл шынымен алаңдарлық жағдай.

Сонымен нақты қабылданып отырған шектелу шараларына келетін болсақ, 2 қарашадан бастап Өскеменмен қатынайтын әуе байланысы шектеледі. Мәселен, елордадан Өскеменге осыған дейін 17 рейс қатынаса, қазір ол 7-ге қысқарды, Алматымен арада 14 рейс болса, оның тең жартысы алынды және Шымкентпен арадағы 2 рейстің біреуі ғана қалдырылып отыр. Сонымен қатар шектеулер теміржол байланысын да айналып өтпеді. Мәселен, «Нұрсұлтан-Өскемен» бағытындағы пойыз енді аптасына 3 рет емес, 1 рет, ал «Алматы-Өскемен» бағытындағы пойыз аптасына 7 рет емес,  3 рет жүретін болды. Айта кетейін, әуе көлігі болсын, пойызға отырсаңыз да, ПТР-тест нәтижесі қолыңызда болуы қажет. Ал қарашаның бірінен бастап өңірде 13 санитарлық бақылау өткізу пунктері орналастырылады.

Лаура:

– Эльмира, сонда қаладағы, ауыл-аймақ, аудан тұрғындары қалай қатынайтын болады? Осы тұрғыда шектеулер бар ма?

Эльмира Ахметова, тілші:

– Әрине, шектеулер бар. Мысалы, ірі сауда үйлері демалыс және мейрам күндері істемейді. Ал қала ішіндегі қоғамдық көліктер, яғни автобустар саны азайтылмайды, керісінше көбейтіледі. Неге десеңіздер, бұл ондағы жолаушылар санының көп болмауы, бір көлікке шамадан тыс адамның отырмауы мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер жұмысқа міндетті түрде ПТР-тест нәтижесімен келуі тиіс. Мінеки, менің әзірге айтарым.