Алматылық жас суретші жапырақтармен әл-Фарабидің портретін салды
Бұл жолы ол ұлы ойшыл, адамзаттың екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің бейнесін жапырақпен жасап шықты.
Портреттің көлемі тұтас футбол алаңын алып жатыр.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің футбол алаңындағы сурет осындай болып шықты. Сары жапырақ жасыл шөпте өте әдемі көрінеді. Біздің түсіру тобы келген уақытта сәлденің сұлбасы ғана байқалып тұрған еді.
Джохар көбіне үйеңкі ағашының жапырақтарын пайдаланды. Себебі түсі қанық, пішіні үлкен және аз-маз салмағы бар. Портрет модульді технология әдісімен жасалды.
Джохар Юнусов, суретші
– Стадионды эскиз бойынша модульға бөліп, соны көшіріп жатырмыз. Осылай жұмыс істеген қолайлы. Ең қиыны – портрет. Өйткені жапырақтардан салғандықтан жел соғады. Кішкене жапырақтар ұшады. Бүкіл портреттің көлемі – 1600 квадрат метр. Ал төселіп жатқан жапырақтардың квадратурасы – 1200.
Жалпы портретті салуға бір күн уақыт кетті. Кеше әбден қараңғы түскенде аяқтағандықтан, биіктен камераға түсіріп те үлгере алмады. «Түнде боран соқпаса екен деп тілеп шықтық», – дейді олар. Абырой болғанда еңбек еш кетпеді. Жалпы портретті жасауға 150 қап жапырақ жұмсалды. Оларды Орталық мәдени және демалыс саябағынан алдырыпты. Жұмыс тез біту үшін достары мен әлеуметтік желідегі оқырмандары көмектескен.
Нұрболат Аманқұл, суретші:
– Идеясы қызық болғаннан кейін көмектесуге келдік осы Джохар досымызға. Жетінші кластан бері бірге оқып келе жатырмыз, колледжде де. Ауа райы да керемет болып, бізге көмектесіп жатыр.
Суретші бұл еңбегін ғұлама ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнағанын айтады. Бұл Джохардың алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін ол сумен Абай Құнанбайұлының және шаң басқан әйнекке Димаштың портретін салған еді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев