ТҚЖБ жаңа несиелік бағдарлама ұсынды
Енді үй құнының 36% тең алғашқы жарнасы бар қазақстандықтар жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 7% басталатын несие ала алады.
ТҚЖБ халыққа осындай жаңа ипотекалық несие беру бағдарламасын ұсынып отыр. Жаңа жобада тағы қандай өзгешіліктер бар?
ТҚЖБ салымшылары үй құнының 36% бастапқы жарна ретінде жинаса жеткілікті. Банк енді жаңа бағдарламамен 7% ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұрынғыдай қосымша кепіл де қажет емес, жаңа жоба қолжетімділік тұрғысынан өте тиімді болмақ.
Жансұлтан Матаев, «Қазақстан ТҚЖБ» АҚ орталық филиалының директоры:
- Жеңілдетілген шартпен берілетін мемлекеттік бағдарламалар бар емес пе, соған әртүрлі себептермен кірмей қалған салымшылар бар. Бұл біріншіден сол кісілерге бағытталған, екіншіден бұл жерде сіздің атыңызда үйіңіздің бар-жоғы есептелмейді, қаралмайды. Бұл жерде үйін кеңейтуге, екінші пәтер алуға я болмаса балаларын бөлек шығаруға арналған бағдарламалар бар.
Жаңа бағдарлама бойынша баспана сатып алуға арналған несиенің ең жоғарғы сомасы 90 млн теңге. Несиелеу мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Жаңа жоба бойынша ипотека рәсімдеуге өтініштер қабылдау 2 қарашадан басталады. Бұл аралық займ болғандықтан, 7% мөлшері бірнеше жылдан кейін 5% дейін төмендетілмек.
Нұрлан Оңғарбаев, құрылыс компаниясының өкілі:
- Қосымша кепіл іздеудің қажеті жоқ. Тұтынушы сату бөлімінен пәтер таңдайды, өтініш жазады да сатып алады. ТҚЖБ-мен бірлескен жоба қолжетімді болады.
Айта кетейік, биыл ТҚЖБ құрылғанына 17 жыл. Бүгінде 1 млн 700 мың салым бар, жыл басынан 43 мың несие берілген.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев