Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші бой көтерді
Айта кетейік, Тобыл – Торғай өңірі ұлт ұстазының кіндік қаны тамған жер. Сондықтан еңселі ескерткіштің дәл Қостанай төрінен табылуы құптарлық.
Ыбырай Алтынсарин бабамызға туған жерінде бір ескерткіш орнату көптің көкейінде жүрген ой еді. Ұрпақ алдындағы сол парыз ұлы ұстаздың 180 жылдығы қарсаңында жүзеге асып отыр. Мерейтойға байланысты еліміздің басқа қалаларында да Алтынсарин ескерткішін орнату жоспарда бар.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Қостанайлық зиялы қауым сұрауымен елордамыз Астана мен Алматы қалалық әкімдіктері осы екі қалада келесі жылдары ұлы ұстазға ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр. Оған біз де өз үлесімізді қосамыз.
Қостанайдағы ескерткіштің жалпы биіктігі, мүсіні мен тұғырын қоса есептегенде 4 метр 65 сантиметрді құрайды. Баба мен бала бейнесі қоладан, төменгі жағы граниттен жасалған. Мүсінші Жеңіс Жұбанқосов ұстаздың шәкіртіне деген мейірім, жылулығын жеткізуге тырысқандығын айтады.
Жеңіс Жұбанқосов, мүсінші:
- Ыбырай атамыздың қазақ еліне, болашақ ұрпаққа білімді болсын деген өзінің ішкі дүниесін көрсеткіміз келді.
Ескерткіштің орналасқан жері де көңілге қонымды.
Ақылбек Шаяхмет, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
- Арқамызда университет, жанында кітапхана, екі жағымызда екі мектеп. Осы балаларға да, келешек ұрпаққа да «сендерге берген батам» деп ұлы атамыз Алтынсарин өзі айтқандай тамаша бір өнегелі іс болып тұр.
Алдағы жылы ұлы ағартушының 180 жылдығына байланысты өңірде өткізілетін іс-шаралардың ауқымы кең.
Ерлан Қалмақов, Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:
- Туған жеріне, Омар құдығына, кесенесіне саяхат жасау жоспарда бар. Жалпы ағартушылық өмірі мен қызметін насихаттауға байланысты көптеген ауқымды шара да жоспарланған.
Ал орталықта бой көтерген Алтынсариннің еңселі ескерткіші көпшілік тағзым етіп, тәу етер орынға айналары анық.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг