Ертіс өңірінде учаскелік полицейлердің жүктемесі азаяды
Дегенмен бұл көрсеткіштер тек қағаз жүзінде. Іс жүзінде жүктеме төрт мың халықтан асып кетеді. Ал бір ауылдық инспектор 3-4 ауылда қатар жұмыс істейді. Облыста Ішкі істер органдарын жаңғырту аясында жүктемені азайту бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.
Бұл – өңірдегі ең қауіпсіз шағын аудан. Мұндағы 51 көпқабатты үйдің біреуінде ғана бейнебақылау камерасы орнатылмаған. Осы жылғы 9 айдың ішінде не бары 54 қылмыс тіркелген. Яғни көрсеткіш 37%-ке төмендеген. Барлығы – ұсақ заңбұзушылықтар. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жүктеме азайса, жұмыс нәтижесі де арта түсер еді.
Арман Рахметов, учаскелік полиция инспекторы:
– Бірінші кезекте учаскелік инспекторлардың штаты кеңейсе дейміз. Сонда жүктемеміз азаяр еді. Негізгі мәселе – осы. Жұмыс тәртібім, жалақым әзірге көңілімнен шығуда. Бұл мамандықты таңдағандықтан, абыроймен атқару керекпін. Бүгінде 2800 адамға қызмет етемін.
Қазіргі уақытта әр инспекторға нормадан тыс, яғни үш мың тұрғыннан келеді. Бұған қарамастан мамандар үздік нәтижеге қол жеткізген. Нәтижесінде учаскелік пункт еліміздің Ішкі Істер министрлігінің шешімімен облыстағы 41 құрылымның ішінде үздік атанды. Тәртіп сақшыларына су жаңа қызметтік көлік табысталды.
Өңірдегі әр шағын аудан қауіпсіз болу керек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін тәртіп сақшылары «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын негізге алған.
Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
– Павлодар қаласындағы 23 учаскелік пункттің 19-ы көпқабатты үйлерде орналасқан. Полицейлер үшін бұл ыңғайсыз. Біріншіден, мамандарымыз қылмыскерлерді, бұзақыларды, кезбелерді ұстау барысында тұрғындарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Шағымдар түсіп жатыр. Сондықтан учаскелік бекеттерді ашу туралы министрлікке ұсыныс жасаймыз. Пункттер халыққа ыңғайлы жерде болуы керек.
Облыс орталығында көктемде осындай екі көпфункционалды стационарлық бекет ашылды. Ашық, қолжетімді, халықтың көз алдында. Патрульдік полиция пунктінің бірі халық көп жиналатын сапаржай маңында орналасқан. Бекет пайда болғалы крининогендік жағдай тұрақталған.
Айтуар Бегажанов, Жол-патрульді полиция инспекторы:
– Қылмыстар көбінесе ғимараттардың ішінде жасалады. Көбінесе ұсақ ұрлықтар. Біз бейнекамера арқылы деректі тіркейміз. Бұрын осындай мүмкіндіктеріміз болмаған. Оған қоса бекеттің ғимараты шыныдан жасалған. Жұмысымыз ашық, жасыратын түгіміз жоқ.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 325 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Оның ішінде 10 қызметкердің орны бос. Алдағы уақытта полиция қызметін жаңғыртудың жол картасы аясында жас мамандарды ынталандырып, қолдау тетіктерін қолға алу жоспарланған. Маңызды қадамдардың бірі – жүктемені азайту.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков