Қарағанды облысына тағы үш санитарлық бекет қойылды
Себебі аталған пунктер COVID-19 өршіп тұрған өңірлермен шекаралас аймақтарға қойылған. Өңірде эпидемиологиялық жағдай қалай?
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Қарағанды облысында әзірге эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Соңғы екі апта бойы қатерлі індеттен адам өлімі болған жоқ. Бірақ шекаралас аймақтарда ахуал күн санап күрделеніп барады. Сондықтан бекеттерден өткізу талаптары күшейтілген.
Қазір біз Қызылорда – Павлодар тасжолының Молодежный кенті маңында тұрмыз. Түнде қойылған мына бекеттер арқылы өтетіндер енді қатаң бақылаудан өтеді.
Осыған ұқсас тағы екі бекет бар. Ол Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылы маңы және Қарқаралы ауданының Кентөбе елді мекені маңында орналасқан. Онда да дәрігерлер кіріп-шыққандардың жағдайын жіті сұрастырып өткізеді. Жалпы жолаушыларға аса қажеттілік болмаса, жүріс-тұрыстан тыйылуға кеңес берілді.
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Тағы бір атап өтер жайт, жүк көліктері мен транзиттік транспорттар, дәрігерлер мен арнайы қызмет өкілдерінен өзге облыс шекарасына кірушілер алдын ала propusk.kz сайтына тіркелуі тиіс.
«Бекеттер арқылы өтушілерде ПТР сынамасының анықтамасы болуы керек» деген ақпарат қаншалықты рас?
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Облыстың бас санитарлық дәрігері қаулысында «ПТР сынамасының анықтамасы болуы шарт» деген бұйрық болған, алайда күні кеше бұйрыққа толықтырулар енгізіліп, ол пунктті алып тастапты. Оған не себеп болғаны белгісіз.