Жас ананы босандырып алған полиция қызметкері қазір де отбасына көмектесіп келеді
Тәртіп сақшылары көмек сұрап, сенім артқан азаматтарға жәрдем беріп, қол ұшын созатыны да рас. Мәселен, осыдан дәл бір жыл бұрын, Түркістан облысының учаскелік полиция инспекторы жедел жәрдем жеткенше шалғайдағы малшы ауылда тұратын жас келіншекті жол үстінде босандырып алған еді.
Осыдан тура бір жыл бұрын ерлі-зайыпты Виолетта Раковица мен Виталий Барабаштың екінші баласы өмірге келді. Алыстағы қойшы ауылда мал бағатын жас отбасының сәбиі перзентханада емес, Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторының көлігінде дүние есігін ашты. Себебі шалғайдағы малшы ауылға жедел-жәрдем көлігі жетем дегенше полиция инспекторы толғағы қысқан келіншек пен жолдасын өз көлігіне отырғызып, жолға шыққан. Алайда аяғы ауыр келіншек орта жолда босанып қалған. Кейін жедел жәрдеммен перзентханаға барған соң жас ана өзіне қолдау көрсеткен тәртіп сақшысына алғысын білдірген болатын.
Виолетта Раковица, жас ана:
- Дер кезінде жетіп, көмек қолын созған полиция инспекторларына алғысым шексіз. Перзентханаға жетіп үлгермедім. Қазір баламның жағдайы жақсы. Аман-есен өсіп жатыр. Өскенде полиция болады деп үміттенемін.
Осыдан кейін жас отбасы өздеріне көмектескен учаскелік полиция инспекторының құрметіне баласының атын Нұрбол деп қойыпты. Содан бері бір-бірімен жиі хабарласып, жағдай сұрасып тұратынын айтады. Жақында отағасы қатты сырқаттанып, малдан босап шыққан. Алайда Түркістанда тұрғылықты жері болмағандықтан, баспана жалдауға тура келіпті.
Виталий Барабаш, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Нұрбол Темірханұлына үлкен рахмет айтамын. Маған көп көмегі тиді. Қазір денсаулығыма байланысты үйдемін. Ауруханадан шыққан соң пәтер жалдауға ақшам болмады. Оған да Нұрбол көмектесіп, үш айлық пәтерақымды төлеп берді. Арасында азық-түліктен де жәрдем беріп тұрады. Екі балам бар. Үлкені 4-те, кішкентай Нұрболым жақында бірге толды. Отбасымызбен инспектор Нұрболды жақсы көреміз. Біз қазір туған бауырдай болып кеттік десем болады.
Полиция инспекторы да бұл отбасына жиі соғып, амандықтарын біліп тұрады. Кішкентай Нұрболды қолына алып, «кіндік балам» деп әзілдеп қояды. «Тәртіп сақшысы болған соң қолдан келгенше көмек сұрағанның барлығына жәремдесу – міндетіміз», – дейді өзі.
Нұрбол Темірханұлы, Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы:
- Өзі хабарласып, жақын араласып кеттік. Қазіргі таңда денсаулығына байланысты үйінде емділіп жатқаннан кейін келіп, жәрдемімізді беріп тұрамыз, көмектесеміз. Ол менің міндетіме кірмесе де, жалпы адами қасиетпен араласып, көмектесіп тұрған маған да жақсы. Баласын өздері шешім қабылдап, Нұрбол деп атады.
Нұрбол Темірханұлы 14 жылдан бері ішкі істер саласында еңбек етеді. Көптің алғысын алып, өз кәсібіне адалдық танытқан полиция инспекторларына әріптестері де қызыға қарайды. Оның бұл еңбегін Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшылығы да жоғары бағалап, арнайы марапатқа ұсынған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы