Елде коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркелді
Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл деректі ведомство қайта жұқтыру деп есептемейді. Өйткені ол аралықта тек қана елге енген жағдайлар ғана тіркеліп отырған. Ал бұл жағдай Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше тамыз айында болған. Сондай-ақ коронавирусты қайта жұқтыру дерегі Қарағанды облысында тіркелді. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, маусым айында вирус жұқтырған адамнан қазан айында ауру белгілері қайта байқалған. ПТР тест оң нәтиже көрсеткен соң, науқастың COVID-19-бен екінші мәрте ауырғаны ресми расталды.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Қарағандыда қазір бір жағдай тіркеліп отыр. Бірінші жағдайында да осы аурудың толық клиникалық бейнесі болған. Барлық инструменталдық, лабороториялық анализбен дәлелденген. Екінші жағдайда қазан айының ішінде осы аурумен қайтадан түсіп, ПТР тестісі оң болыпты. Сондықтан да осы жағдайды біз қайтадан ауырған жағдай деп тіркеп отырмыз.
Сонымен қатар қай өңірлер инфекцияның таралу қарқынына қарай қандай аймақтарға енгені айтылды. Қазір ШҚО ғана «қызыл аймақта». Ал «сары аймаққа» Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары енген. Қалған өңірлер бұрынғыша «жасыл аймақта». Тағы бір алаңдатарлық жайт, Қазақстанда жаңа туған 114 сәбиден коронавирус анықталып отыр. Жалпы қазір елде COVID-19 диагнозымен 3164 бала тіркелген. Індеттен көз жұмғандар жоқ.