Қостанайда 200 орындық жұқпалы аурулар орталығы ашылды
Әр жеке бөлімдері жоғары технологиялы қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Күні кеше ашылған жаңа ауруханада бүгінде 30 шақты адам ем қабылдап жатыр.
Үш ай бұрын ғана мына жер ашық алаң болатын. Осы аралықта барлық коммуникациялық-инженерлік жүйесімен жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы бой көтерді. Сыртынан соншалықты ауқымды көрінбесе де, жабдықталуы жағынан көбінен көш ілгері. Әсіресе ішкі желдеткіш жүйесі ерекше. Дертті бір-біріне жұқтырып алмас үшін бөлме ауасын үнемі тазартып отыру жағына аса мән берілген. Ал оттегімен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан.
Марат Дәуменов, облыстық аурухана бас дәрігерінің жұқпалы аурулар жөніндегі орынбасары:
- Бұл орталықтың өзінің жеке оттегін қамтамасыз ету орны бар. Тек жансақтау бөлімінде ғана емес, әр науқастың жататын орнында, төсегінің қасында оттегі жеткізу қамтамасыз етілген.
200 науқасқа есептелген орталықта бүгінде 30-ға жуық адам ем-дом қабылдап жатыр. Олардың бірқатары облыстық ауруханадан ауыстырлған. Бұрыңғы жұқпалы аурулар бөлімінде қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Соған қарамастан қандай да бір күрделі жағдайға дайынбыз –дейді жергілікті дәрігерлер.
Юрий Моисеев, Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері:
- Қазір операция көп емес. Алайда шұғыл хирургиялық жағдайға біз қашанда әзір болуымыз керек. Жедел операция жиілеп кетуі мүмкін. Біз оған толық дайынбыз.
Қазір мұнда алты адам жансақтау бөлімінде жатыр. Емделушілерге барлық жағдай жасалған. Бөлмелері жарық, жайлы. Орталықтың өз диагностикалық бөлімі, зертханасы бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг