Петропавл мен Қостанай қаласы, Қызылжар ауданы карантинге жабылады
Шектеу шараларына қатысты қаулы 9 қарашада күшіне енеді. Яғни келесі дүйсенбіден бастап аталған елді мекендерге блок бекеттер қойылып, кіріп-шығуға тыйым салынады. Ауыл аралық автобустар тоқтайды. Тұрғындарға тек анықтама бойынша жұмысқа барып-келуге рұқсат беріледі. Сонымен қатар жол жөндеушілер, апаттық қызмет мамандары мен бірінші кезектегі тауар тасымалдаушыларға бекеттен өтуге болады. Айта кетейік, облыста пандемия басталғалы бері 4,5 мың адам індет жұқтырған.
Татьяна Горлова, ТКҚСҚ Бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында спорттық және мәдени шараларды өткізуге, тұрғын үйлерді отырыс үшін жалға беруге, көңіл көтеру орындарының жұмыс істеуіне тыйым салынады. Діни және мәдени нысандар жабылады. Ірі СОС кешендеріне де шектеу қойылады.
Эпидахуалдың ушығуына байланысты Қостанай қаласы екі апталық карантинге жабылады. Дүйсенбіден бастап облыс орталығы әр жерден блокбекеттермен қоршалады. Аймақтық жедел штаб отырысында осындай шешім қабылданды. Вирус жұқтырушылардың күн сайынғы өсімі оннан асқан елді мекендерге де санитарлық бекеттер орнатылады. Бұдан былай қолында ПТР анықтамасы жоқ азаматтар облыс аумағына кіре алмайды. Кешкі сағат 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Такси мен автобустардың қатынау уақыты қысқарады. Сұлулық салондары, шаштараз, СПА-орталықтарының қызметі, жаттығу залдары, фитнес, спорттық-сауықтыру орталықтары демалыс күндері жабық болады.