ШҚО-дағы Ақши ауылы тұрғындары сапалы ауызсуға жарымай келеді
Тіршілік нәрі халыққа екі сағат қана беріледі. Осы кезде үлгергендер су жинап алса, үлгермегендер арбамен көше аралауға мәжбүр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері: «Биыл жазда бұл мәселе шешімін табады», – деп сендірген.
800-ге жуық тұрғыны бар Ақши ауылында ауызсу екі сағат қана беріледі. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын су құбыры тартылғанда жобада олқылықтар болған. Су шығатын ұңғыма мен су жинайтын мұнараның арасы екі шақырымды құрайды. Яғни қашықта орналасқан сорғылардың 25 тонна су жинауға қауқары жетпей қалады. Ал төменде орналасқан 30 шақты үйге мүлдем құбыр тартылмаған.
Сарқыт Сейітжанов, Ақши ауылының тұрғыны:
- Құдықтан су ішеміз, ондағы су тұзды. Тұзы жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы кезде құм да шығып кетті. Енді не істейміз, әйтеуір «келесі жылға қалмай берсе екен» деп үміттеніп отырмыз.
200-ге жуық бала білім алатын орта мектеп те ауызсудан тарығып отыр. Мұнда 60 оқушы интернатта тұрып оқитынын ескерсек, тіршілік нәрінің маңызы айтпаса да түсінікті.
Ғалия Нығметжанова, Ақши орта мектебінің директоры:
- Біз интернатқа балалар жылы суға жуынуы үшін құрылғылар қосқанбыз. Суды мотор арқылы жинап алады, мына жерде төрт қолжуғыштан қолдарын жуады. Асханаға да осындай аппарат қойылған. Ол жерде де ыдыс-аяқ жууға су жинап алады да, пайдаланады.
Өткен жазда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жоба жасалып, қазынадан 10,5 млн теңге бөлініпті. Ол бойынша төменгі ауылға құбырлар тартылып, сорғылар жаңадан орнатылуы тиіс болған.
Айдар Қалиев, Ақши ауылдық округінің әкімі:
- Негізгі себебі – карантин. Мысалы су құбырлары басқа қаладан алып келу кішкене бөгеді. Сондай-ақ жұмысшылар да тест тапсыру деген сияқты уақыт алатын жұмыстары көп болып қалды. Электр желісі, су құбырлары тартылған. Ендігі мердігер компания өкілдерінің айтуынша, он күннің ішінде толықтай қосып, су жіберіледі. Халықтың 30 жылғы арманы орындалып, 24 сағаттық су беру тәртібіне көшеміз деп жоспарлап отырмыз.
Ауылдағы тағы бір түйткіл – интернет мәселесі. Студенттер осы кедергінің кесірінен қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе де жыл соңына дейін шешімін табады.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы