Елімізде итбегілік ресми мәртебеге ие болады
Адамның емес, төбет пен тазының. Себебі елімізде ресми тіркелмеген үш мыңға жуық тазы бар екен. Енді оларды заңдастырып, итбегілік өнерді дамыту көзделіп отыр. Жалпы елімізде саятшылықты дәріптейтін екі орталық бар. Соның бірі Бурабай ауданында орналасқан. «Салбұрын» деп аталады. Бірақ жүйрік мініп, тазы жүгіртуге қазір қазақтан гөрі шетелдік туристер көп қызығушылық танытып жүр екен.
Бұл – Тұйғын. Әлі күшік екен. Аңға шығуды енді бастады. Әзірше із аңдып, дала кезуді үйреніп жүр. Мұнда бұдан бөлек ересек екі тазы бар. Олардың тістері құрыш, тілдері қандауыр. Жемтігіне жетпей қоймайды.
Саятшылықтың сыры осында. Жүйрік тазыны серік етіп, қанжығаның қанданып қайтуы – зор ләззат. Бірақ зейнеттің де бейнеті бар. Тазыны күшік кезінен дұрыс ауыздандырып, баптау керек.
Ержан Ілиясов, аңшы:
- Алдын ала етін келтіріп, өкпесін ашу керек. Онымен жүгіріп, жаттығу жасау қажет. Ауыздандыруды да дұрыс істеу керек. Сол кезде қалай ауыздандырсаң, солай жұмыс істейді.
Елімізде төлқұжаты бар 1500-ге жуық тазы тіркелген. Ал бейресми түрде олардың саны үш мыңнан асады. Мәдениет және спорт министрлігі келешекте итбегелікті ресми түрде тіркемек. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленеді.
Мейрамбек Махамбетов, Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы:
- Бұған дейін ұлттық спорт түрі ретінде танылмағандықтан, қазір федерацияны акредиттеу жұмыстары қолға алынуда. Акредиттелген жағдайда біз республикалық күнтізбеге енеміз және де өңірлерде ұлттық спорт түрлері бойынша клубтар мен мектептерде итбегі бөлімдерін ашуға мүмкіндік береді.
Бурабай ауданында алғашқы аңшылық басталғалы қазақилықтың иісі аңқыды. Киіз үй, жазық дала, қазандағы ас, тіпті самаурындағы шай. Барлығы көшпенді халықтың тұрмысын суреттеп тұр. Енді бұл қатарға жүйрік жылқы мен құмай тазы, қыран бүркітті қосыңыз. Тамаша, ә?! «Салбұрын» орталығы осылайша ұлттық дәстүрді жаңғыртуға ден қойып отыр.
Қанат Ахметов, «Салбұрын» Ұлттық аңшылық орталығының директоры:
- Ат, иттеріміз, сондай-ақ бүркітшілеріміз бар. Бізге ештеңе керегі жоқ. Білгенімізді келер ұрпаққа жеткізіп кетсек деген мақсатымыз бар.
Қазір бұл орталыққа қарасты екі жүз гектар жер бар. Мұнда аңның барлық түрі кездеседі. Әсіресе қоян мен қарсақ көп. Тек тазыға ілесетін арғымақ бабында болса болғаны.
Мақсат Азыбаев, жамбы атудан бас бапкер:
- Аттарға аңға шыққанда бір күн бұрын тер алу керек. Тер қысылмаса, ат шапшаң жүреді. Аң 10, 20, 30 км-ға дейін шығады. Сол үшін де жақсы ат керек.
Жерден тазы, көктен қыран салынса, жемтіктің қашып құтылмайтыны белгілі. Бұл жолы бүркіттің тырнағы қоянға батты.
Ақиықтың қоржынында үш қарсақ, бес қоян, сегіз түлкі бар. Жасы үште. Томағасы сыпырылса болды, адуындап алға ұмтылады. Бабы келіскен.
Әлихан Шыңғыс, бүркітші:
- Мысалы аңға шығардан бір күн бұрын тамақ бермейміз. Содан кейін шыға береміз. Себебі аш болуы керек. Сонда ғана аңға шығады. Әйтпесе, тоқ бүркіт аңға түспейді.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Құмай салып, тазы жүгірту – қазақтың қанына сіңген қасиеттің бірі. Бүгінгі саятшылық оң болды. Құр қол қайтпадық. Қанжығамыз майланды. Жүйріктеріміз мына бір қарсақты ұстап алып келсе, бүркітіміз көктен қоян аулады.