Отандық аяқ киімге сұраныс жоғары
Кәсіпорын басшысының айтуынша, биылғы маусымдағы сән үлгілері келер жылы шығарылмайды. Оның орнына дизайнерлер сұранысқа ие болатын жаңа түрін ойлап табады.
Отандық өндірісті дамытуға бағытталған фабрикада қазір 7 адам жұмыс істейді. Түркиядан оқып келген білікті мамандар отандық өнімнің үлгісін өздері пішеді. Сөйтіп таза табиғи былғарыдан ерлер мен балалар аяқ киімінің 300-ге жуық түрін тігеді. Алайда кәсіпкер шикізатты шетелден таситынын айтады. Мәселен, экологиялық таза былғарыны Ресей мен Украинадан және Түркиядан әкеледі. Арасында өзіміздің Шымкент пен Тараздағы тері өңдейтін зауыттың да өнімдерін пайдаланады. Ал аяққа жайлы, киіске төзімді табандарды тек Түркиядан тапсырыспен алдыртады.
Былтырғы Арыста болған жарылыстан кейін мемлекет кәсіпкерге «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 1% болатын 5 миллион теңге несие берген. Істің көзін білетін жігіт ағасы оған жаңа ғимарат салып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, отандық өнімнің бағасы да қолжетімді. Өнім құны түрі мен сапасына қарай 12 мен 19 мың теңге аралығында саудалануда.
Әміртай Бейбасар, кәсіпкер:
– Қазіргі біздің мына кәсіпорнымыз айына 3 мың жұп аяқ-киім тігуге шақталған. Болашақта айына 6 мың жұп шығаруға болады. Соған әрекет етудеміз. Жанымызда ғимарат салып жатырмыз. Неге десеңіз, бізде сұраныс өте көп. Үлкен станоктар алып қойдық Түркиядан. Енді қыстық етіктерді тігеміз.