Түркістан облысында мақта алқабы азайды
Мәселен, биылғы жылы өңірдегі «ақ алтынның» егіс көлемі 5 мың гектарға қысқартылған. Оның орнына шаруалар көкөніс пен астық егуді мықтап қолға алды. «Нәтижесінде мақтаның бағасы өсіп, сапасы артады. Бірақ оның өнімділікке кері әсері жоқ», – дейді мамандар.
Мақта дақылы еліміз бойынша тек Түркістан облысында ғана өсіріледі. Қазір күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Бүгінге дейін диқандар 300 мың тонна «ақ алтынды» қамбаға құйып үлгерген. Бұл биылға жоспарланған жалпы өнімнің – 90 проценті. Биыл өңірде мақтаның 1 келісі 160 теңгеге бағаланды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30 теңгеге жоғары. Былтыр шаруалар мақта бағасының арзан болуына байланысты шағымданып, мәселе министрлікке дейін жеткен еді. Жалпы өңірде мақта өңдейтін 18 зауыт бар.
Хабибулла Азимов, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Өзіміз тұқым шаруашылығы болып тіркеліп, шаруаларға тұқым жеткізіп береміз. Биыл «Түркістан» сортынан 430 тоннаны 8 мың гектар жерге жеткізіп бердік. Бұл сорттың артықшылығы оның мақтасының талшығы 4 сортқа жатады. Пісіп-жетілуі – 120 күн. Бұл сортты еккендер 40-45 центнерден өнім алып жатыр.
Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:
– Бір жылдың ішінде 5400 гектар жер мақта дақылы қысқарды. Оның тиімділігі мақта бағасының көтерілуіне оң ықпал етті. Осы жерде мақта шаруашылығымен 15 мың агроқұрылым айналысса, ол жерде 125 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Облыс халқының әулеуметтік-экономикалық дамуына септігі тиетін болады.