Қарасуда алғашқы қазақ мектебі салынып жатыр
Осындай ауқымды ауданда алғаш рет қазақ мектебі он жыл бұрын ғана ашылды. Оның өзі бастапқыда бастауыш болып, кейіннен ғана тоғыз жылдыққа айналды.
Жергілікті халық мемлекеттік тілде дәріс беретін жаңа мектеп салу жөнінде көптен бері айтып жүр.
Мағауия Қалиев, тілші:
– Мынау Қарасудағы жалғыз қазақ мектебі. Жарты ғасыр бұрын салынған бұл ғимарат мектепке лайықталмаған. Ішінде не спорт залы не акт залы жоқ. Мектеп алды ауласы жолға тақау және тым тар.
1968 жылы интернат ретінде салынған бұл ғимаратта бір кездері кітапхана орналасты. Одан кейін қазақ мектебіне айналды. Ескі ғимарат демесең, ішкі жөндеуі келісті. Алайда оқу ордасы деген атына заты сай емес.
Айгүл Арғынғазина, Қарасу негізгі мектебінің директоры:
– Мынау жастар спорт мектебіне осы он жыл болды, балалар сонда барып спортпен айналасады. Олардың спорт залдары өздеріне қажет бос болмайды. Мектеп ауласы мүлдем жоқ. Балалар не жүгіріп ойнай алмайды. Арнайы заман талабына сай кабинеттеріміз жоқ.
Қазір тоғыз жылдық мектепте 65 бала білім алып жатыр. Көбейтуге болар еді, оған мүмкіндіктері жоқ. Ата-аналар да жүдеу-жадау күйдегі мектепке балаларын бергісі жоқ.
Абылай Сәрсенбаев, Қарасу ауылының тұрғыны:
– Қазақ мектебіне бергісі келетіндер көп негізі, балалар мектеп шағын болғаннан кейін басқа мектептерге кетіп жатыр. 9 жылдық болғаннан кейін одан әрі баламызды қайда қайда оқытамыз деп ойлайды.
Жергілікті тұрғындардың мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп салынса деген тілегі аяқсыз қалған жоқ. Биыл мамыр айында «Еңбекпен қамту жол картасы» бойынша облыстық бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, 320 орындық оқу ордасының құрылысы басталды. Жоспар бойынша мердігер оны жыл аяғына дейін тапсыруға тиісті болатын. Алайда жер қабатының өзіндік ерекшелігі, топырақтың тым ылғалдылығы бұл мерзімді кешеуілдетуге мәжбүр етіп отыр.
Дархан Әбдіков, мердігер:
– Біз келгенде су тұрған мына жерде. Жер құрғамай бір айдай уақыт жоғалтып алдық. Биылғы жылғы жобамыз бойынша қабырғасын, төбесін жасап, жылуын қосып, отделкасын, оборудованиесімен бітіреміз Жаңа жылға дейін. Келесі жылға сыртқа асфальт, брусчатка, спорт площадка, ағаш егу жұмыстары қалады. Мамыр-маусым айында бітіреміз.
Сонымен жаңа мектеп келер оқу жылы пайдалануға беріледі. «Ал бала санын толтыруда еш қиындық жоқ», – дейді жергілікті ұстаздар.
Авторлары: Мағауия қалиев. Сергей трахтенберг