Бозжырадағы құрылыс жобасына өзгерістер енгізілмек
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов айтты. Бірақ аймақ басшылығы инвесторларға өз талаптарын қоймақ. Халық арасында дау тудырған Бозжыра табиғат қорығының аумағына қонақүй салу жобасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қайта қарау жөнінде тапсырма берген болатын.
Қоғам сынына іліккен Бозжырадағы құрылыс мәселесі Маңғыстау облысы әкімінің есебінде де көтерілді. Халықтың пікірі ескеріліп, Президент тапсырмасынан кейін жобаға өзгерістер енгізілмек. Өңір басшысы Серікбай Трұмовтың айтуынша, қонақүй эскизде көрсетілгендей шатқалдың түбінде емес, шамамен екі шақырымдай қашықтықта бой көтермек.
Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Жобаны біз қоғамдық кеңесте қоғам белсенділерімен талқылау үстіндеміз. Жалпы ол жерде туризмді ұйымдастыру үшін қонақүй өте қажет. Қонақүй құрылысы салынатын болса, Бозжыраның дәл қасында салынбайды. Яғни ол Бозжырадан қашықтау 1,5 – 2 км қашықтықта болуы мүмкін. Сол жерден ғана қонақүй кешені салынады. Бірақ ол үлкен көпқатарлы қонақүй болмайды. Біздің қазақи нақыштармен ұсыныстарымыз бар. Сол жасақталғаннан кейін оны қоғамдық талқылауға тағы да шығаратын боламыз.
Тағы Серікбай Трұмов өңірде қордаланған мәселе таза ауызсуға да тоқталып өтті. Жалпы жаз мезгілінде Маңғыстау облысында 30 мың текше метрге дейін су тапшылығы байқалады екен. Бұл өзекті мәселені шешу үшін аймақ басшылығы жоспар әзірлепті.
Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Осы жоспарды алдағы жылдары іске асыру үшін Кендірлі демалыс аймағынан 50 мың текше метр су тұщытатын зауыттың құрылысын салу және Құрық елді мекенінен 50 мың текше метр су тұщытатын зауыттың құрылысын салу және Форт-Шевченко қаласынан бес мың текше метр, Ақтау қаласынан 24 мың су тұщытатын зауыттардың құрылысын салу жоспарланды.
Жалпы айта кету керек, Маңғыстау облысында биыл 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның жалпы құны 20 млрд теңге. Жобалар толық жүзеге асырылған соң аймақта бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Авторы: Риат Шони