Ішкі істер министрлігіндегі реформа қалай жүзеге асырылып жатыр?
Бұл туралы Мемлекет басшысы өз жолдауында айтқан болатын. Қоғамдық тәртіпсіздіктің алдын алу, қылмыскердің жолын кесу, жеке тұлғалардың құқығын қорғау – дәл осы тәртіп сақшыларына тән жұмыс. Сондықтан да біз күнделікті өмірде осы саланың мамандарымен бетпе-бет келіп жатамыз. Бәлкім содан болар тәртіп сақшылары дегенде өте өткір әрі өзекті тақырыптар қаузалады.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру – құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысы. Адамға қауіп төне қалған жағдайда дәл осы мамандық иелері төбе көрсетеді. Яғни «өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тігеді» десек қателеспейміз. Мәселен, соңғы 30 жылда 800 мың тәртіп сақшысы қызметте жүріп қайтыс болған екен. Ал 2600-ден астамы зардап шеккен.
Осы құқық қорғау органдарын реформалауды Мемлекет басшысының өзі қадағалайды. Ол үшін Президент әкімшілігінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей халық өз қауіпсіздігі үшін алаңдамауы тиіс, ал тәртіп сақшылары сөз емес, іс жүзінде қоғамдық тәртіпті бақылауы керек. Яғни халыққа қызмет ету – ІІМ-нің тікелей міндеттемесі.
Сол үшін осы саланың мамандарының әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта келер жылы 10 млрд теңге бөлінбек. Қомақты қаражат кезекші бөлімдер, күзет қызметі, мамандандырылған күзет ұйымдары, ведомстволық білім беру мекемелері мен қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсалады. Бұл қаржы қосымша. Себебі осыған дейін қазынадан 15 млрд теңге бөлінгенін айтып өткен жөн. Оның шарапатын кем дегенде 8 мың қызметкер көріп отыр.
Коронавирустың бірінші толқынында ІІМ қызметкерлері үшін 6,6 млрд теңге бөлінген еді. Себебі алдыңғы шепте дәл осы мамандық иелері де тер төккен. Енді жыл соңына дейін тағы 11,5 млрд теңге бөлу қарастырылған. Айтпақшы таяу жылдары тәртіп сақшыларының қаржылық жағдайы 30% артады.
Мемлекет басшысы құқық қорғау қызметкерлерін Сәтбаев пен Қордайдағы атышулы оқиғадан сабақ алуға шақырғаны белгілі. Бұл ретте қоғам тәртіп сақшысына сену керек дегенді меңзеді. Яғни жұмыла әрекет етіп, қазақстандықтардың ортақ мүддесін қорғауға міндетті.