Тараздық 75 жастағы өнертапқыш жобасын жүзеге асыра алмай жүр
Қария отты жеті түрлі жолмен өшіретін әмбебап машинаны теория жүзінде дәлелдеп шығып, жаңалығын патенттеп қойған. Алайда оның туындысына 20 жылдан бері ешкім мән бермей келеді. Автордың айтуынша жоба жүзеге асса, коронавирусқа қарсы күрес жүргізу үшін де пайдалануға болатын көрінеді.
Марат Аюбаев 30-ға тарта түрлі жаңалық ашып, барлығын патенттеп алған. Соның ең негізгісі әрі бірегейі – өрт сөндіру көлігі. Ерекшелігі жалынды бірнеше компонентпен өшіре алады. Өнертапқыштың айтуынша жоба жүзеге асса, нағыз техникалық төңкеріс болмақ. Өндіріске енгізілген жағдайда сусыз аймақта екі тәулікке дейін тоқтаусыз жұмыс істей алатын өрт сөндіру көлігін жасап шығаруға болады.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
- Физика заңында бір көлемді судан бес мың көлем бу алуға болады. Бұл өте тиімді. Бұл машина 50 сағаттай тоқтаусыз жұмыс істейді. Жеті түрлі тәсілмен өртті өшіреді.
Өнертапқыштың бұдан өзге өртке қарсы төрт жобасы бар. Оның бірі – өрт түнде бола қалған жағдайда ұйқыда жатқан адамдарды оятатын құрылғы. Сонымен қатар биік ғимарат, таулы аймақтар мен жанармай қоймаларындағы өртті сөндіретін тәсілдерді де ойлап тапқан. Машинаны пандемия кезінде шекаралық бекеттерге қойып, коронавирусқа қарсы пайдалануға болады деп отыр.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
- Қазіргі кезде температураны өлшейді. Температура жоқ па кете береді. Адамның заттарын, оның киімдерін ешқайсысы тексеріп жатқан жоқ. Микробтың бәрі заттарда. Ал енді мына машинаны қойсақ, барлық затын алып, будың қысымымен екі-үш минуттың ішінде бар вирусты жойып тастаймыз.
Бірақ бұл әзірге қағаз жүзінде ғана тұр. Тың туындысын әлі патенттемеген соң, идеясын толық ашып айтпады. Құрылғыны жасап, іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Өнертапқыш жобасын ұсынып, біраз табалдырықты тоздырған. Алайда ақсақалдың жаңалықтарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә