А.Көлгінов: Соңғы 10 жылда елорда тұрғындарының саны екі есе өсті
Бірақ қашан екені әлі белгісіз. Бұл жайында елорданың әкімі Алтай Көлгінов айтты. Елордаға қашан газ келеді, Талдыкөлдің тағдыры не болады? Ертең, яғни 10 желтоқсан бұл қаланың Қазақстанның астанасы атанғанына тура 23 жыл толады. Бұрынғы Ақмола, Целиноград, Астана, қазіргі – Нұр-Сұлтан. Елорданың ерекше желі мен қатал климаты жайында ел арасында аз әңгіме айтылмайды. Бірақ соған қарамастан бас қаланың тұрғыны атанғысы келетіндер көбеймесе, кеміген жоқ. Соңғы 10 жылда елорда тұрғындарының саны екі есе көбейіп, 600 мыңнан 1 миллион 200 мыңға жуықтап қалды.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
– Оқушылардың саны осыдан 10 жыл бұрын 74 мың болса, қазір – 193 мың. Динамика тап осылай жалғаса беретін болса, алдағы уақытта оқушылар саны 400 мыңға жетуі мүмкін. Демек білім сапасына, мектеп салуға үлкен көңіл аударуымыз қажет. Біз оны жасап жатырмыз.
Алтай Көлгінов – елорданың 9-шы әкімі. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ең жас әкім әзірге. Бұл жыл бас қала үшін де қиын болғанын айтады. Коронавирус салдарынан елорда бюджетіне 47 миллиард теңге түспей қалуы бек мүмкін.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
– Корпоративті табыс салығы бойынша да жыл басында төленуі тиіс 10 миллиард теңгеден астам қаражат түспеуі мүмкін. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жергілікті бюджетін 43 миллиард теңгеге оңтайландырдық. Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19 індетімен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалды.
Бас қаланың басты мәселелері аз емес. Соның бірі – ЛРТ. «Оның құрылысы жалғасады, ол үшін Зейнетақы қорынан да, Ұлттық қордан да қаржы бөлінбейді», – деді әкім.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
– Мен жобаның тарихымен таныстым – бұл бірінші кезең. Содан кейін екінші кезең – ескі вокзалмен жалғау болатын. Осындай үлкен жоспарлар болды, бірақ экономикалық жағдайды ескере отырып, екінші кезең тақырыбын әлі көтермедік. Бірақ бірінші кезең басталды, оған қанша инфрақұрылым салынғанын көріп отырсыздар. Содан кейін бұл әуежай жолаушылары үшін ғана жоспарланбағанын түсіну керек. Қаламыз ұлғайып келеді, бес жыл бұрын Қабанбай батыр бойында тұрғын үйлер болмаған еді, ал қазір қаншама шағын аудан пайда болды.
Астанада проблемалық құрылыс бір бұл емес. Мойындау керек, үлескерлер проблемасымен үздіксіз айналысқан бір әкім болса – осы Алтай Көлгінов. Әкім айтады: «Алдағы 3 жылда үлескерлер мәселесі толық шешіледі».
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
– Өткен жылы нысанның 53-нің онын аяқтадық, биыл 20-сын аяқтаймыз. Оған қыруар күш кетті. Проблема әлі жетеді. Алдағы үш жылда бітіреміз деп шештік. Бұл Президенттің жеке назарында.
Көлгінов Талдыкөлдің де тағдырына қатысты пікірін білдірді. Көлге ешкім тиіспейді, керісінше Талдыкөл тұрғындар тынығатын аумаққа айналады. Қала билігі: «Оны көгалдандырып, халық серуендейтін жағдай жасаймыз», – деп отыр.
Сондай-ақ әкім елордалық кәсіпорындарға арнайы Үндеу жасап, жаңажылдық корпоратив кештерді өткізбеуді сұрады. Себебі – індеттің әлі де беті қатты.
Авторы: Гүлжан Марқабаева