Қостанайда жаңа жыл қарсаңында шырша құны 50% қымбаттады
Сәйкесінше көрші елдегі баға да айтарлықтай өскен. Өз кезегінде аймақта орман алқаптарын қорғау жұмыстары күшейтілді. Мобильді топ тәулік бойы жасыл желекті шыршаны браконьерлерден сақтауда.
Сатушы Леонид Корняның саудасы қызып тұр деуге келмес. Көбі бағасын сұраумен шектеледі. Жас қарағайлар сапасы мен биіктігіне қарай 2200 теңгеден бастап саудаланып жатыр.
Леонид Корня, сатушы:
- Биыл шыршалар әкелген жоқпыз. Бағасы өте қымбат. Кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Жалпы Қостанайға қылқан жапырақтылар аз көлемде әкелінді.
Жаңа жылдың басты нышаны көрші Свердлов облысынан сатып алынады. Алғашқы легі қараша айында әкелініпті.
Леонид Корня, сатушы:
- Баға шамамен 1500 теңгеге өсті. Себебі жанармай қымбаттады. Тағы түрлі шығынымыз бар дегендей. Карантинге байланысты шекара да жабық. Көбі шыға алмады.
Бағаның өсуіне байланысты көпшілік жаңа жылды жасанды шыршамен қарсы алуды қалайды. Дегенмен жасанды ағаштан гөрі, табиғи жасыл желектің жөні бөлек екенін де ұмытпайды. Осыдан 15 жыл бұрын елімізде орман қарағайларына балта шабуға мораторий жарияланған. Қостанай облысы аумағының небәрі 2% жасыл белбеуге кіреді. Демек, шыршаны кесу – қылмыс.
Қанат Батырханұлы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы:
- Орманды қорғау табиғат мекемелерінде 76 мобильді рейдтік топ құрылған және 14 пост бар. Орман шаруашылығы мекемесінің инспекторлары орман алқаптарын қорғап, рейд жасап жүреді. 2020 жылы осы уақытқа дейін ағаш кесу фактісі тіркелмеген. Бірақ 2019 жылы екі факт тіркелді. Екі адам анықталып, оларға айыппұл салынды.
Қостанайдың орталық алаңында жаңажылдық шырша пайда бола ма, болмай ма әлі беймәлім. Әкімдік оны құпияда сақтап отыр. Белгілі болғандай жаңа жылдың басты нышанына қазынадан 5 млн теңге бөлу көзделген.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров