Ақмола облысында 2020 жылдың ең үздік учаскелік инспекторы анықталды
39 жастағы жігіт ішкі істер саласында 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын сержанттан бастаған тәртіп сақшысы қазір полиция капитаны.
Бағдат Өтеуовтің бұл ауылда жұмыс істеп жүргеніне биыл сегіз жыл болды. Осы уақыт ішінде елді мекендегі 800-ден астам адамды ол жатқа біледі. Тұрғындар да оны жақсы танып алған. «Алайда бұл «көз қысты, бармақ бастыға» сеп емес», – дейді ауылдықтар.
Кристина Королева, Шу ауылының тұрғыны:
- Менің мұнда тұрып жатқаныма төрт жыл болды. Оның бірде-бір рет кемшілігін байқамадым. Заң бұзғандар болса, бірден жазалайды. Ауылдасым немесе танысым деген түсінік жоқ. Түнде де тәртіпті қатаң қадағалайды. Мәселен, коменданттық сағат енгізілген кезде ол түні бойы көшеде жүретін.
Георгий Волков, Шу ауылының тұрғыны:
- Тәртіпті қатты қадағалап отырады. Өз міндеттерін мінсіз орындайды. Тұрғындар хабарласса, жедел жетеді. Адам болған соң неше түрлі жағдай болады. Міне, сондай сәттерде үнемі жанымыздан табылады.
Ал полиция инспекторының тәртіпті қадағалап отыруына 93 бейнебақылау камерасы көмектеседі. Иә, елді мекенде осынша камера бар. Құрылғылар ауылдың кіреберісінен бастап, жылу қазандығының аумағына дейін орнатылған. Ал олардың 76-сын учаскелік полицей кез келген жерде жүріп, онлайн көре алады. Нәтижесінде ауылда бірде-бір ауыр қылмыс тіркелмеген.
Бағдат Өтеуов, Шу ауылының учаскелік полиция инспекторы:
- Бұл – жаңадан қойылған камералар. Қай жер қажет, сол жерге бұрайсың да қарайсың. Кім, не істеп жатқанын көресің. Келесі жылы әр бұрышқа, әр көшеге тағы да 20 камера орнатайын деп жатырмыз.
Сағадат Қабдулин, Атбасар аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:
- Жыл басынан бері учаскелік инспектор Бағдат Өтеуов 132 заңбұзушылықты анықтады. Олардың барлығы дерлік қоғамдық тәртіп пен жол ережесін бұзу мен отбасындағы кикілжің секілді кішігірім құқықбұзушылықтар. Яғни ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ.
Қылмыстың алдын алумен көзге түскен инспектор бірнеше рет сала басшылығы тарапынан марапатталған. Тіпті министрдің алғысын алып, жақында Президенттің қатысуымен өткен Ішкі істер министрлігінің республикалық форумына да қатысты. Үздік тәртіп сақшысы, спорттан да кенде емес.
Бағдат Өтеуов, Шу ауылының учаскелік полиция инспекторы:
- Ауылдар арасында жарыстар өткенде ауыл атынан барамыз. Ауылда тұрғаннан кейін, осында жұмыс істегеннен кейін ауылдың атағын көтерейік деп, ауыл адамдарымен барамыз. Волейбол, баскетболдан бірнеше жүлделі орын алдық.
Айта кетейік, Бағдат Өтеуов бұған дейін сегіз жыл бойы аталған ауылға 35 шақырым жердегі аудан орталығынан қатынайтын. Енді жақында оған жергілікті кәсіпкерлердің бірі елді мекеннен су жаңа үй тарту етті. Бұйыртса, жуырда ол осы баспанаға отбасымен көшіп келмек.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный