Қостанай облысында 36 көпбалалы отбасы баспаналы болды
Оның басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Баспаналы болғандардың дені – көпбалалы отбасылар, тұрмыс жағдайлары төмен және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Солардың бірқатарының қоныстой қуанышы еліміздің бас мерекесімен тұспа-тұс келді.
Айсұлу Ақтаева – төрт баланың анасы. Негізінен қоғамдық жұмыспен айналысады. Көпбалалы ана осы күнге дейін пәтер жалдап келген. Жітіқарада баспана жалдау ақысы айына 30-40 мың теңгеден кем емес. Енді, міне, мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұрғын үй тауқыметінен құтылғанына дән риза.
Айсұлу Ақтаева, көпбалалы ана:
- Екі-үш жыл пәтер жалдаумен жүрдік. Үймелі-сүймелі төрт баламен әр жерге көшіп-қону оңай емес. Енді мынау мереке күні бізге тамаша тарту жасалып отыр. Үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Жылы, жайлы, барлық жағдай жасалған. Өте қуаныштымыз.
Жаңадан салынған бес қабатты үй 80 пәтерден тұрады. Соның 36-сы көпбалалы аналарға беріліп отыр. «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша осы үйдің құрылысында 121 адам жұмылдырылған. Оның 68-і еңбекпен қамту орталығы арқылы тартылған жергілікті тұрғындар. Айта кетелік, дәл Тәуелсіздік күні Федоров, Денисов аудандарында да 50 шақты отбасы қоныстойын тойлады.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша біз 328 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Ол – үш мыңнан астам пәтер. Жыл соңына дейін қалған уақытта ең кем дегенде 52 мың шаршы метр тұрғын үйді пайлалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ол 300-дей пәтерді құрайды.
Қостанай облысы тұрғын үй құрылысы қарқынын жыл сайын 10% арттырып келеді. Келер жылы да сол денгейден төмендемек емес. Биыл тұрмыс жағдайлары төмен, кезекте тұрған 850 отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартып алды.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг