Лентада сақталған күнделік: Оралда әуесқой таспагер тұрады
Ол бала күнінен фото және видео түсіруге құмар болыпты. Ескі аппараттар ақсақалдың коллекциясында әлі күнге дейін сақтаулы. Ал ленталар мен альбомдарда құнды естелік суреттер бар.
Қайнолла Қажығалиевтің коллекциясынан өткен ғасырдағы фотоаппараттар мен ленталарды, сәулелі жабдықтарды қаз-қалпында көруге болады. Әуесқой таспагердің қолына ең алғаш «Смена» құрылғысы тиіпті. Оны мектеп жасында жазғы еңбегі үшін сыйға алған. Содан бері сурет тусіруге аңсары ауыпты. Ауылдастарын, туысқандарын және табиғатты таспалаған. Алайда дәл сол аппарат сақталмай қалыпты. Мұрағатта тек қорабы мен ленталары бар. Ал басқа құрылғылар түгелімен орнында.
Қайнолла Қажығалиев, әуесқой таспагер:
- Айта кетейін, техника деген қызық қой. Мына кадрлар тоқтап жүреді. Әр кадр сурет болып түскенде тоқтайды, сосын жүреді.
Қайнолла ағаның еңбек жолы нан өнімдері камбинатында өтті. Бос уақытында сүйікті аппараттарын арқалап, айналадағы ғажайып көріністерді, мерекелік шараларды, жиын-тойларды түсіріп келген. Барлық материал кешегі күннен сыр шертіп тұр. Мұрағатта Ресей, Моңғолия елдерінде түсірілген суреттер де бар. Қария ақ-қара түсті фотоларды шығару үшін түні бойы ұйықтамай, көз майын тауысқанын айтады. «Жұрт пәтер, көлік алуға ақша жинаса, ол фотоаппарат құрылғыларын жинайтын», – деп күліп еске алады зайыбы.
Күләш Қажығалиева, жары:
- Өмір бойы жұмыстан қанша шаршап келіп жатса да осындай өзінің хоббиі болатын. Ол уақытта өте қиын болды ғой. Мен өзіме де қызық болатын. «Ана кәртішке қалай шықты екен», – деп мен де соны қарап отырамын.
Қария жақында ғана зейнетке шықты. Алайда әлі де құрылғыларын тастайтын емес. Керісінше, ермегімен емін-еркін айналысатын уақыт енді келгенін айтады. Оның үстіне немересі Даниярдың да таспагерлікке ынтасы бар. Демек, атасының жолын жалғайтыны анық.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов