«ERG Service» компаниясы алып кран құрастырды
Жобаның инжинирингін неміс компаниясы әзірлеген. Осылайша сервистік компания Рудный ЖЭО-ға металл құрылымдары мен жүк көтеруші жабдықтардың механикалық тораптарын жеткізе бастады. Бұл Павлодардың машина құрастырушылары үшін жаңа тәжірибе болып отыр.
Бұл – елімізде құрастырылған ең үлкен кран. Биіктігі 30, ұзындығы 107 метр. Бір мезетте 32 тонналық жүкті көтеріп, 60 метр жерге жеткізе алады. Отандық машина құрастырушылар осы тектес жұмысты бұрын-соңды қолға алмаған.
Сергей Петухов, «ERG Service» ЖШС бас директоры:
- Көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен жүк көтергіш. Ені екі футбол алаңына пара-пар келеді. Негізгі бөліктерінің салмағы 700 тоннаны құрайды. Бұл өте үлкен жұмыс, асқан дәлдікпен жасалған. Оны құрастыру кезінде ешқандай қателіктерге жол берілген жоқ. Бұл – теңдессіз жоба.
«ERG Service» ЖШС қосалқы бөлшектер нарығындағы әлемдік көшбасшылармен тығыз байланыс орнатқан. Жобаның инжинирингін неміс компаниясы әзірледі. Бұл – ең озық инженерлік шешім.
Леонид Белогривый, Павлодар машина құрастыру зауытының директоры:
- Неміс конструкторлары ең үздік технологияларды қолданған. Механизмдері электр қуатын қайта алу жүйесінде жиілікті түрлендіру арқылы басқарылады. Кабинасына кондиционер жүйесі, вибрация бермейтін әрі асты жылытылатын кресло орнатқан.
Кран өндірістік Wi-Fi-мен жабдықталады. Жүкті көтеру мен оның орнын алмастыруды бақылау үшін сенсорлық панель орнатылып, ол атқарылып жатқан жұмыстарды тіпті орын алуы мүмкін қателіктерді де көрсетіп тұрмақ. Одан бөлек, кабинада персоналды құлақтандыру жүйесі де болады. Алып жүк көтергіш техника жуық арада өндіріске шығарылады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов