Ақтөбедегі фармацевтикалық компаниясы: Дәрі-дәрмек өндірісінде іркіліс жоқ
Санаулы уақыт ішінде қорғаныш құралдары мен антисептик өндірісін де игерді. Әрі медициналық мекемелерді дер кезінде қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отырды. Бүгінде өндіріс орнында тәулігіне 55 мың дана маска тігіледі.
Тұмау мен өзге де жедел респираторлы вирустық дерттерге қарсы дәрі-дәрмек шығаратын бұл зауыттың жұмысшылары тәулік бойы үздіксіз еңбек етуде. Әрі мұнда медициналық масканың айына 1,5 млн данасы тігіледі. Дайын өнім жергілікті сауда сөрелерімен қатар, көршілес облыстарға жеткізіледі.
Жаңагүл Төреханова, «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС директоры:
- Пандемиямен күрес үшін ел Президентінің тапсырмасына сәйкес құжаттарды рәсімдеу үрдісі барынша жеңілдетілді. Сондықтан медициналық маскалар мен антисептик өндірісін тез арада ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Бас-аяғы бір апта ішінде қажетті лицензияға қол жеткізіп жұмысқа кірісіп кеттік.
«COVID-19» дертін емдеуде қолданылатын, вирусқа қарсы грипповир препаратының өндірісі де ұлғайған. Бұған дейін аптасына 5 мың данасы жасалса, қазір 20 мыңға жетті. Алғашында дәрінің шикізатын сатып алуда кедергі болған. Кейін жергілікті әкімдік шетелден тасымалданатын қоспаларды жеткізумен қатар, субсидия мәселесін шешіп берген.
Нұрхан Тілеумұратов, облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- «ТК Фарм Ақтөбе» фармацевтикалық зауыты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылды. Осы зауытқа қажетті инфрақұрылым тартылып, несиесі субсидияланды. Панедемия кезінде әкімшілік тарапынан жеңілдетілген несие беріліп, гриповир препаратын шығаратын қажетті шикізаты үшін 75 млн теңге қаражат бөлінді.
Алдағы уақытта зауыт дәрі-дәрмектің жаңа сегіз түрін өндіретін болады. Көз тамшылары мен тыныс алу жолдарына арналған дәрілік сұйықтарды әзірлеуге лицензия алған. Отандық өнімге нарықта сұраныс жоғары. Тіпті көршілес елдерден қызығушылық бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков