Елімізде тауық еті мен жұмыртқасы неге қымбат?
Осы қыста құс еті де қымбаттады. Оған қоса жұмыртқаның маусымдық көтерілуі тағы бар. Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына енген осы екі тауардың бағасы неге қымбаттады, оны тұрақтандыру мүмкін бе?
Қара ет қымбат деп, тауық етін қанағат тұтатындар көп. Бірақ құс етінің құны да күн санап шарықтап барады. Петропавлдық кәсіпкер Игорь Тищенко бірнеше жыл құс өсіреді. Биыл елімізде әр жұмыртқаға төленетін субсидия екі есеге қысқарған, бірінші тоқсан үшін төленбеген. Құс тұмауы ушыққанда 590 мың бас тауығынан айырылған кәсіпкер оның өтемақысын әлі толық алмаған.
Игорь Тищенко, құс фабрикасының директоры:
- Бізге тиесілі субсидия күзде бірақ төленді. Ал бұл демеу қаржыны алу үшін кәсіпкерлерге жарты жыл ғана беріледі. Құжаттар уақытылы өтпеген соң бірінші тоқсан үшін ақшадан айырылып қалдық. Былтыр 200 млн, ал биыл тек 70 млн теңге алдық. Оның үстіне жергілікті әкімдік жұмыртқа бағасын қымбаттатуға да рұқсат бермеді.
Құс өсірушілердің жанайқайын билікке жеткізбек болған Мәжіліс депутаттары тауық еті мен жұмыртқа қымбаттағанын да айты, Үкіметке сауал жолдады. Жұмыртқа бағасы тіпті 19% шарықтады. Депутаттар: «Қымбатшылық себебі тереңде жатыр», – дейді. Селекциялық жұмыс жойылған. Тауық балапандары көбіне шетелден сатып алынатын болса, сала да дамымайды, бағаны арзандату тіпті мүмкін емес.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Азық-түлік тауарлары негізсіз қымбаттады. Мәселен, тауықтың он жұмыртқасы құс фабрикасында 300 теңгеден сатылады. Ал бөлшек саудада 400-ден. Яғни 25% қымбат. Халыққа тауар құнын тұрақтандыру қоры, сауда үйлеріне жасалған қаржылық көмек туралы ақпарат беріледі. Бірақ азық-түліктің тауар өндірушідегі құны, заң бойынша оған алыпсатар қанша қоса алатыны, бағаны негізсіз өсіргендер қандай жауапқа тартылатыны туралы жұрт біле бермейді.
«Ірі сауда орындарын тексеруге мараторий жарияланбаған, сондықтан бағаны тұрақтандыру жүйелі жүргізілсе екен», – дейді депутат.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Биыл елімізде жұмыртқа өндірісі 8% азайып, оның бағасы 20-30% қымбаттаған. Құс өсірушілер субсидия екі есеге қысқартылғандықтан, оның құнын жоғарылатуға мәжбүр. Бұл – жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының ресми мәліметі. Мәселен, елорданың кейбір сауда үйлерінде жұмыртқаның он данасының бағасы 435 – 459 теңге аралығында. Сонда біреуінің құны 44 – 46 теңге болып тұр.
Тауықтың сан еті мен жамбас етінің құны 900 теңге мен 1800 теңге аралығында. Жұмыртқа мен тауық еті әлеуметтік маңызды деген 19 тауардың қатарында. Әкімдіктегілер бағаға құс тұмауы әсер еткенін айтады.
Руслан Идрисов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің басшысы:
- Тауық еті мен жұмыртқаның қымбаттауына, ең алдымен, құс тұмауы себеп. Қыста жемазық та арзан емес. Соңғы екі айда тауықтың сан еті мен жамбас бөлігінің бағасы өсті. Біз әлеуметтік маңызды тауарларға баға 15% артық үстемемен сататындар бойынша арнайы агенттікке өтініш жазамыз.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі: «Құс тұмауының бағаға қатысы жоқ», – деп сеніммен мәлімдеді.
Әсел Серғазина, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті басқармасының басшысы:
- Экономикалық жағдайға байланысты жемазық қымбаттады. Бұл тауық еті мен жұмыртқа құнын өсіріп жіберді. Қазір мемлекет тарапынан балапан сатып алуға, өнім өндірісін арзандатуға, фабриканы кеңейтуге субсидия бөлінеді. Биыл саланы дамытуға 12,1 млрд теңге бюджеттен берілді.
Министрлік тағы субсидияға бюджеттен қосымша 5,2 млрд теңге сұраған, бірақ ол қолдау таппаған. Қазір елде тауық өсіретін 27 фабрика бар, тағы 35-і жұмыртқа өндіреді. Ресми дерек отандық өнім әзірге ішкі қажеттіліктің 58% ғана жабады. Қалғаны – импорт, АҚШ тан жылда жүз мың тонна құс еті салықсыз әкелінеді. Биыл топалаң тигендей қылған құс тұмауының кесірінен 1 млн бас қанаттының көзі жойылды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Құс өсірушілер одағының мәліметінше, қымбатшылыққа себеп бидай екі есеге қымбаттады, ал құс өнімінің 70% жемазық шығыны құрайды. Асыл тұқымды балапандардың 80% Ресейден жеткізіледі, отандық база қалыптастырмаса болмайды. Бағаны 30-40% өсіріп жіберетін делдалдар да бақылануы тиіс. «Жемазық жеңілдетілген бағамен босатылып, мемлекеттік қоры құрылса», – дейді сала мамандары.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев