Ақтөбе ферроқорытпа зауытында биыл жүз мың тоннадан астам кен қоры қайта өңделді
«Қазхром» трансұлттық компаниясы өндіріс қалдықтарын азайту мақсатында, ERG Recycling компаниясын құрды. Сөйтіп өндірісте пайда болатын шаң-тозаң мен қалдықтарды қайтадан кәдеге жаратып қана қоймай, экологиялық таза құрылыс материалдарын шығаруға мүмкіндік туды.
Бұл цехте айына төрт мың тонна өндіріс қалдықтарын қайтадан өңдеуге мүмкіндік бар. Газ тазартудан қалған шаң-тозаң мен кеннің ұсақ бөлшектері цилиндр тәріздес етіп нығыздалып, қайтадан балқыту пештеріне жөнелтіледі. Нәтижесінде феррохромның сапасы табиғи шикізаттан алынатын тауардан кем емес. Өндірісте құрылыс материалдарын жасау да қолға алынған.
Дмитрий Данильченко, «Батыс» өңір «ERG Recycling» ЖШС операциялық директоры:
- Бұл цех өндіріс қалдықтарын қайтадан өңдеу үшін ашылды және екінші деңгейлі шикізаттарды осы жерде де сәтті қолданып отырмыз. Мәселен, бұл ғимараттың шатыры мен іргетасына да өндіріс қалдықтарын пайдаландық.
Компания цехтің қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін тағы бір цех құрылысы қолға алынады. Нәтижесінде шаң-тозаңды қайта өңдеу көлемі артады. Болашақта ERG Recycling мекемесі зауыттың іргетасы қаланған күннен бері жиналып, қордаланған қалдықтарға да кәдеге жаратпақшы.
Светлана Мащенко, «Қазхром» ТҰК» АҚ бас экологі:
- Өндіріс қалдықтарын өңдеуді көздейтін арнайы бағдарламамыз бар. Мәселен, 2019 жылы 50 мың тоннасы қайта өңделді. Биыл жүз мың тонна болды. Жыл сайын өндіріс көлемін арттырып, кеннің қожын толықтай жоюды жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек Ақтөбе ферроқорытпа зауыты балқыту пештерін жаңартып, газ тазарту құрылғыларын орнатуды көздейді. Бұл да экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламаға енгізілген. Жоба алдағы екі жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков