Талдықорғандық үшінші бөлімшеде ауызсу, газ, жарық жоқ
Атқамінерлерден 3 көшеге ғана жүргізілген инфроқұрылымдық жүйені толықтай тартып беруді талап етті. Үшінші бөлімшенің тұрғындары ағаш бұталарынан бағана жасап, электр тоғын өз үйлеріне дейін осылай тартқан. Оның өзінде сымтемірлері салбырап, қадап қойған қадалары жел соққан сайын қозғалып құлауға шақ тұр.
Тілеуберді Бекбатырұлы, қала тұрғыны:
– Әрбір адам өз үйіне свет тарту үшін бір-бір ағашты қадап тартып жатыр. Соның бәрі бетегеден биік, жусаннан аласа болып тұр. Бала-шаға жүріп жүр. Бір жерде үзіліп жатады, бір жерде машина тартып әкетіп жатады.
Айым Мұсаханова, қала тұрғыны:
– Көршіміз осындай столбамызды құлатып, 5 үйдің холодильнигі, телевизоры сияқты көп затымыз күйіп кетті. Бір-бірімізден тартып отырмыз. Әрине, ол дұрыс жанбайды. Кешке жақын, міне, өстіп өшіп тұрады, қараңғыда отырғандаймыз ғой. Балалар сабақ оқи алмайды интернеттің жоғынан.
Жаңадан салынып жатқан елді мекенде ауызсу жүйесі де жүргізілмеген. Сондықтан тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішіп отыр. Ал шамасы келгендер қомақты қаржы жинап, орталық ауызсу жүйесінен өз үйіне дейін құбыр тартқан.
Әсем Тазабекова, қала тұрғыны:
– Водоканал рұқсат бергенде, мына үшінші бөлімшеден өздеріңіз тарттырып аласыздар. Өзіміз тартып алу үшін төрт отбасы 1 миллион теңгеге су қостырдық. Өйткені су жоқ. Жерден 23 метрден су шығады. Қаздыру үшін бізде Талдықорғанда брулевать ететін апарат жоқ болды. Су керек болғаннан кейін қосып алдық.
3 бөлімше деп бөлшектемей, елді мекенге қазақы атау берілу керек. «Нөмірленген көшелер де танымал тұлғалардың есімімен аталса, жедел жәрдем шақыртқанда қиналмас едік», – дейді тұрғындар.
Лашын Жүнісова, қала тұрғыны:
– Жедел жәрдем келсе, ешқашан таба алмайды. Қараңғы ешкім келмейді мына жаққа. Балалар жүреді. Мектептен кейін әзер келеді үйлеріне.
Үш жыл бұрын үшінші бөлімше көшелеріне қиыршық тас төселген. Ал биыл ауыл ішімен қоғамдық көлік жүре бастады. Өзекті мәселелерді шетінен шешіп жатырмыз деген жауаптылар инфроқұрылымдық жүйені тарту келесі жылға жоспарланғанын жеткізді.
Асқар Бегманов, қала әкімінің орынбасары:
– Ендігі жылға жалпы есептегенде 9 шақырымға 172 миллион теңге суға ақша бөлінетін болды. Содан кейін жарық мәселесіне 700 миллион теңгені Амандық Ғаббасович бөліп отыр. Ендігі жылға осы үшінші бөлімшеге жалпы 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінейін деп отыр. Оның ішінде 700 миллион теңгеге свет және жарық жүргізеді. Үшінші мәселесі – газ. Оған 373 миллион теңгеге ПСД жасалды. ПСД бітті. Оны жасататын басқарма басшысы Бағлан Сағындықұлы: «Біздің атымыздан ендігі жылы газды жасаймыз», – деді.
Бірнеше жылдан бері осылай күн кешіп келе жатқан тұрғындар жауаптылардың сөзіне сеніп, зор үміт артып тарқасты.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов