Алматылық жастар 10 баланың арманын орындаған
Бірақ дерт шалдыққан науқастың емі – тек дәрі-дәрмек десек, қателесеміз. Қамқорлық пен жылы сөз де – жанына демеу. Мәселен, алматылық жастар Әділет есімді қамкөңіл жеткіншекті қуантқан екен.
Осы қайырымдылық қор 3 пен 18 жас аралығындағы өзге де науқас балалардың арманын орындаған. Оларға күш-жігер сыйлау мақсатында әртүрлі іс-шаралар да ұйымдастырған.
Әділет Қожатаевтың жасы – 17-де. Балалықпен қоштасып, енді арманға қанат қағамын деген шақта жеткіншек жаман ауруға шалдығады. Дерт уайымшылды дендей береді емес пе? Сондықтан қайырымдылық қор өкілдері Әділеттің арманын орындап, «Қайрат» футбол командасының белді ойыншыларымен кездестірді.
Әділет бала кезден алаңда ала допты айналдырғанды ұнатады екен. Футболмен 3 жыл кәсіби түрде шұғылданып, өз қатарластарынан озық көрінеді. Алайда күтпеген жерден келген ауру аяғына тұсау салады. «Бірақ мойымаймын», – дейді Әділет. Бүгін ол Айбол Әбікен, Сергей Кейлер, Данил Устименко сияқты алматылық футбол командасының мықтыларымен бірге кәсіби алаңда доп тепті.
Әділет Қожатаев, Алматы тұрғыны:
– Күткен де жоқпын осы жаққа әкеледі деп. Үміт болды. Қатты қуаныштымын келгеніме. Керемет әсер алдым. Өзіме қатты ұнады. Жазылған соң футболды тағы бастаймын деген үміттемін.
Қазір Әділет екі операцияны басынан өткерді. Енді үшіншісіне дайындалып жүр. 12 рет химиялық емдеу қабылдаған. Дәрігерлер: «Жеткіншектің жағдайы жақсарып келеді», – деп үміттендіруде.
Әділет Қожатаев, Алматы қаласының тұрғыны:
– Болашақта футболист болу – арманым. Өзіме ұнайтын іспен айналысып жүргім келеді. Ең бірінші – қазір жазылып, денсаулықты сақтау. Одан кейін бәрі болады.
Қайырымдылық қоры екі жарым айда 10 баланың арманын орындаған. «Мақсат – аурудан қажыған балаларды бір рет сергітіп, қолдау көрсету», – дейді жастар.
Шамиль Ванкеев, қордың атқарушы директоры:
– Науқас баласы бар отбасында негізінен бүкіл қаржы сол баланы емдеуге кетеді. Және уақыт кететіні анық. Бүкіл отбасының қам жейтіні – сол баланың емделіп кетуі. Біздің басты мақсат – сондай балалардың ата-аналарына көмек беру. Сол себепті арманын орындауға тырысамыз.
Бүгінде қайырымдылық қорға арманын шындыққа айналдыруға 60-тан аса науқас бала өтініш білдірген. Қор өкілдері келесі жылдан бастап ел аймақтарында волонтерлардың көмегімен балалардың арманын іске асырмақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов