Елімізде 24 сауда-логистикалық кешен салынады
Осы мақсатты іске асыру үшін келер жылдан бастап елімізде 24 сауда-логистикалық кешен салынады. Мамандар: «Жобадан нарық қатысушыларының бәрі ұтады», – дейді.
Мәселен, онда жиналған өнім бүлінбей, қаз-қалпында ұзақ уақыт сақталады. Тағы бір артықшылық – тауар иесіне сатып алушыны табу оңай болады. Мұндай құрылым елордада бұған дейін жасалған.
Бұл орталық осыдан 4-5 жыл бұрын ғана пайдалануға берілді. Қазір оның барлық қоймаларын қоса алғанда тәулігіне мың тонадан астам тауар сауда орындарына жөнелтіледі. Мамандар оны бизнесті бір жерде жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа буын объектісіне балайды. Мұндай орындар негізінен шағын және орта деңгейдегі шаруаларға арналған.
Михаил Филиппов, басқарушы компанияның өкілі:
– Олар әдетте өнімін жинап алады да сатуға асығады. Кейде арзан бағаға беруге мәжбүр. Өйткені сақтайтын қоймасы жоқ. Ал қойма тапқан күннің өзінде тауарының бір бөлігі бүлініп кетеді. Сөйтіп тағы да үлесінен қағылады. Ал бізге өнімді әкеліп сақтаса, арнайы сұрыптау, ауа баптау технологиясының арқасында тауар ұзақ сақталады. Яғни өнімді асықпай, жақсы бағаға сатуға болады.
Әрине, бұл қызметі үшін орталыққа төлем жасау қажет. Кешен иелері орта есеппен бір келі өнімді сақтауға ай сайын 2,5-5 теңге аралығында ақша алады. Бұл үлкен шығын болып көрінуі мүмкін. Бірақ өзіңіз іздеген қалталы, кейде тұрақты сатып алушыны да сіз осы жерден табуыңызға болады. Жұмсалған қаржыны соның есебімен толтырасыз.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
– Бүгінгі күні сауда саласын дамытатын бағдарлама әзірленіп, жаңадан қаралып жатыр. Бұл ірі жоба бағаның тұрақтануына тікелей әсер етеді. Әрине, халықтың жағдайына да тікелей жақсы әсерін береді деп біз күтудеміз.
Жоспарланып отырған сауда-логистикалық кешендер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аймақтарда салынады. Бұған дейін осыған ұқсас қолдаумен іс бастаған кәсіпорынның бірі – дайын тоқыма бұйымдарын шығаратын серіктестік. Ол аз уақытта аяққа тұрып, тіпті экспортқа өнім шығара бастапты. Жаңа қоймалар да осындай жетістік жолын қайталайды деп күтілуде. Қазақстанда қазір 200-ге тарта түрлі нарық бар. Олардың да жұмысы осы реформадан соң жүйеленеді деп күтілуде.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков